Атырау, 25 сәуір 11:56
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Ақындар жыр додасын қыздырды

Сурет Бейнежазба
3 220 просмотра

10 қарашада Махамбет ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Тәуелсіздік» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Махамбет ауданы әкімдігі мен Қазақстан жазушылар Одағының Атырау филиалы ұйымдастырған жыр додасына 16 ақын қатысып, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан өмірін жырға қосты.

Ақындардың барлығы сахнада бірдей деңгейде өнер көрсетті. Дегенмен махамбеттік көрермендердің қошеметі жерлес ақыны, аудандық мәслихат депутаты Серік Қойшығұловқа ерекше болды.

Айтыс барысында Серік Қойшығұлов қарсыласы исатайлық Серікбол Панабердиевке:

- Махамбет Сәке сізге арман шығар,

Көзіңіз көп нәрсені шалған шығар.

Тақтайдай жолын көріп ауданымның,

Таңдайыңның тамшысы тамған шығар.

Аққыстаудың жолына жолың түссе

Көзіңше өгіз өліп, арбаң сынар.

...Ең болмаса сен өзің демалып кет

Күн туып топырақ пен шаңнан шығар.

Шоқалақтан шаршаған шайырымды,

Алла да рақымына алған шығар.

Қос табаның тіреліп тегіс жолға

Қос бүйрегің демалып қалған шығар, - деп әзілдей келе

...Тәуелсіздік тойынан не пайда бар?

Ұрпақтың тесіп жүрсе тас табанын.

Екі ауданның жағдайы қарап тұрсаң

Күніндей тоқ бала мен аш баланың.

Көрші әкімге айта бар Махамбеттің

Жол түгел көпір салып тастағанын, - деп кезек берді.   

Оған қарсыласы халықаралық тас жолдың мәселесін аудан әкімі шеше алмайтынын айта келе,

...Өз сөзіңнен болдың ғой шатылатын,

Көпірің де бәлең жыл салынбап па ед.

Сол кезде айтылды ма датың ақын?

Сен мына түріңменен депутат боп

Сыйқың жоқ ау ештеңе қатыратын.

Сендейлер ғой депутат болып алып

Түк білмей мәслихатта опынатын.

Ештеңе білмеген соң көрінгенге

Ләппайлап басын шұлғып отыратын, деп жауап қайырды. 

Өз кезегінде Серікбол Махамбет ауданындағы бұрынғы алма бағының орны қалмағанын қозғап,

 ...Сарытоғайда жайқалған алма бағы,

Қазір бар ма, оны барып сен көрдің бе?

Орынын тып типыл қып тастапсыңдар

Оны да жоқ қылуды жөн көрдің бе?

Ол жерде шырын зауыт болған еді

Оны да жоғалтуды оң көрдің бе?

Жолымды сынағанда сен өзіңнің

Жоғалтқан заттарыңа мән бердің бе?

Бар тапқаның асфальтым тақтай дедің

Енді ол үшін берейік орден кімге?

Талайларды тойдырған тоғайыңды

Тегістеп тастапсың ғой жолмен бірге, деп, мәселе көтерумен қарсыласына тойтарыс берді.   

Олардан кейін шыққан Өнербек Дәулекенов пен Алшынбек Мұқанғалиевтің айтысы да халыққа өтімді болды. Алшынбектің мамандығы мал дәрігері болғанымен күні кешеге дейін Атырау облысы әкімі орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың көмекшісі болып қызмет етіп келген еді.

Өнербек қарсыласының мамандығы жөнінде айтыста:

...Елде көп мал жайында мәселелер,

Маман боп жөнің еді алда жүрер.

Мал қырылмай қайтеді біздің елде

Айтыс қуып жүргесін мал дәрігер, деп бір әзілдесе, тағы бір шабуылында:

Жалған дүние шынымен жалған екен,

Қызығы көп адамға арман екен.

Ауыл шаруашылық басқармасы,

Мұны айтсам аржағында мән бар екен.

Әкімде бұл жерде де зам бар екен,

Бұл соған кеңесші боп барған екен.

Жақында шығып кеттің сол жұмыстан,

Ойымды әрі қарай жалғап өтем.

Сол басқарма ішінде бір шу шығып,

Сәл кішкене абдырап қалған екен.

...Сол кезде ақылы көп Алшынбектер,

Жұмыстан шығып кете салған екен.

...Акиматқа қызықтың неге сонша,

Қарапайым өмірді сүре бермей.

Замдарға ақыл айтып не жының бар

Малдарға укол салып жүре бермей, деп әзілдеді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша айтыстың бас жүлдесі мен 400 мың теңге сыйлығы исатайлық Серікбол Панабердиевке бұйырса, 1 орынды (300 мың теңге) индерлік Жәнібек Садыров, 2 орынды атыраулық Өнербек Дәулекенов (250 мың теңге) еншіледі. Ал жүлделі үшінші орын (әрқайсысы 150 мың теңге) махамбеттік ақын Серік Қойшығұлов, жылыойлық Ғалымбек Мұстафа және индерлік Баймұрат Кеңесовке бұйырды.  Қалған қатысушылар 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор 

12 қараша 2021, 17:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.