Еуроодақ желтоқсан айының басында Польша-Беларусь шекарасындағы жағдайға байланысты «Аэрофлотқа» қарсы санкциялар енгізуді қарастырып жатыр. Ресейлік ТАСС-тың жазуынша, бұл туралы сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі Еуроодақтағы белгісіз шенеунікке сілтеме жасап мәлімдеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттіктің мәліметінше, санкцияға «Аэрофлоттан» бөлек, Turkish Airlines түрік әуе компаниясы да ұшырауы мүмкін. Еуроодақ бұл компаниялар Минскке Таяу Шығыс елдерінен мигранттар тасымалдайды деп есептейді. Олар кейін Польшамен шекарадан өтуге ұмтылып жүр. Санкция бойынша толық шешім қабылданған жоқ.
Сәрсенбі күні Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен Ақ үйде АҚШ президенті Джо Байденмен келіссөздерден кейін Еуропалық Одақ пен АҚШ Беларуське бұрын енгізілген санкцияларды кеңейтуге ниетті екенін және жеке және заңды тұлғаларға да шектеу салынатынын айтты.