Атырау, 9 қазан 08:22
 ашықВ Атырау +20
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Мәдениет саласында «бәрі ашық» па?

1 320 просмотра

Жақында ӨКҚ-де мәдениет саласы басшыларының қатысуымен брифинг өтті. «АЖ» тілшісі бюджет шығындары мен мемлекеттік сатып алулар туралы сауалдар қойды. Берілген жауаптарды толық деп атауға келмейді.

– Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына өңірімізде қандай іс-шаралар жоспарлануда? Бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ:

– Мәдениет басқармасы мен біздің басқармаға қарасты және бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік/квазимемлекеттік ұйымдар «Тәуелсіздік жылдарындағы Атырау» деген жалпы атаумен мерекелік іс-шаралар өткізеді. Қазір қандай сома қарастырылып жатқанын айту қиын. Барлық іс-шараларға деңгейіне, форматына қарай (онлайн, офлайн) қаражат бөлінеді.

Брифинг модераторы Тәуірбек Бозекенов бөлінген қаржы туралы сауалын қайта қойғаннан кейін Рысқалиев нақты цифрды кейін айта алатынын айтты.

– Мемлекеттік сатып алу туралы шарт порталға тіркелмей тұрып, облыстық драма театрының іс-шаралары үшін «Арсен» ЖК-не 116 миллион теңге қалай аударылған?

- Жарияланған ақпаратқа сақтықпен қарау керек, ол үнемі сенімді бола бермейді. Сайттардың бірінде драма театры туралы мақаладан кейін облыстық «Халық шығармашылығы орталығы» мен бұған дейін бірнеше күн бұрын осы мәдениет мекемесінің директоры қызметінен кеткен кәсіпкер арасында бірнеше миллион теңгеге келісімшарт заңсыз жасалғаны туралы жазылды. Мұның барлығын тексеру керек.

Жалпы, біздің қарасты 10 мекеменің барлығы (кітапханалар, мұражайлар, мұрағаттар, т.б.) 100 пайыз бюджеттен қаржыландырылады, сондықтан қатаң бақылауда болады. Әр жылдың басында болжамды шығындармен жоспарлар құрылады, содан кейін оларды басқарма бекітіп, облыстық қаржы басқармасына жіберіледі. Әрі қарай ол облыстық мәслихаттың сессиясында қаралып, мақұлданған өтініштер қаржыландырылады. Ал бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына жауапкершілік мекеме басшыларына жүктеледі. Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Мәдениет басқармасы осы екі жарияланымға қатысты шара қолдануда. Облыс әкімінің аппараты мен басқарма жанынан жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізілуде. Қосымша ақпарат кейін беріледі.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік ЖӘМЕНОВ:

– Біз «Арсен» ЖК-мен 10 наурызда бір қаржы көзінен 116 миллион теңге бөлуге келісім жасадық. Осы уақытқа дейін 7 шара өткізіліп, жоспарланған 77 миллионның орнына 55 миллионын жұмсап, 22 миллионды үнемдедік. Қалған шаралар да жоспар бойынша өтеді. Егер біздің тарапымыздан заң бұзушылықтар болса, оны тексеру анықтайды.

- Игерілмеген сомалар не болады?

- Олар бюджетке қайтарылады. Жыл басында 116 миллионға келісімшартқа отырдық, бірақ мәдениет басқармасынан бір бөлігін ғана алдық, қалғаны іс-шаралар жоспарының орындалуына қарай алынады.

– Жұмыс тобы не анықтады?

Ақылбек Рысқалиев:

- Ол қыркүйек айында жұмысын бастады, қазір біздің 10 мекеменің барлығы тексерілуде. Нәтижелері қосымша хабарланады.

«Халық шығармашылығы орталығының» директоры Жәнібек АМАНИЯЗОВ:

– Ақылбек Аманбайұлы айтқандай, ulysmedia.kz сайтында біздің Орталық туралы жарияланған ақпарат шындыққа сай келмейді. Онда ақшаның алдын ала аударылғаны, экс-директордың өз қалауымен жұмыстан кеткеннен кейін екі күннен соң мемлекеттік сатып алуды ұтып алғаны жазылған. Бұл олай емес. Жалпы, концерттік ұйымдарда мемлекеттік сатып алу бір көзден ашық портал арқылы жүзеге асырылады. Бәрі ашық. Қазір тексеру жүріп жатыр, оның нәтижесін күту керек.

Айнұр САПАРОВА

9 қараша 2021, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.