Атырауда ресейлік нөмір таққан автокөліктердің жүргізушілері облыс әкімдігінің алдына жиналып, көліктерін айыптұрағынан шығарып, заңдастырып беруді талап етті.
Көпшілігі көлікті Атыраудан немесе Оралдан сатып алған. РФ шекарасы арқылы жеткізілгендер де бар. Жиналғандардың айтуынша, осыған дейін олар еш кедергісіз көліктерін пайдаланып жүрген еді, тек өткен аптаның соңында ғана полиция көліктерді тоқтатып, барлығын айыптұрағына қойып тастаған.
- Заң солай дейді, онда неге дәл қазір оны қолдана бастаған? – деп ашуланады Жасұлан ҚАЗИЕВ – Иә, арзан көлікті сатып алдым, сонда ол қылмыс па? Арамызда такси болып, нәпақасын тауып жүргендер бар. Олар енді қалай күн көреді?
- Шекарада көлікті еш кедергісіз өткізіп жібереді де, кейін тыным бермейді. Қазақстанда Ресейден әкелінген 88 мың автокөлік жүр екен. Осыған дейін билік қайда қарады? – дейді Абылайхан ОМАРОВ.
- Қазақстанда тіркеуде тұрған көлікті сатып ала алмаймыз – бағасы өте қымбат. Салығын төлейміз, бірақ көлігімізді заңдастырып, еркін жүруге рұқсат берсін, - деп шулады жиналғандар.
Жиналған топты Атырау облысы әкімдігінің ғимаратына шақырды. Олар Атырау облыстық ПД бастығының орынбасары Берік АМАНГЕЛДІ, Жергілікті полиция басқармасының бастығы Мырзалы ӨТЕУЛИЕВ, Ішкі саясат басқармасының бастығы Қанат ӘЗМҰХАНОВ пен облыс әкімінің орынбасары Қайрат БЕКЕНОВПЕН кездесті.
Берік Амангелді бұл мәселенің шешімін полиция әзірге айта алмайтынын жеткізді. Ал Қайрат Бекенов ІІМ-не хат жолдаймыз деп уәде етті. Алайда одан ештеңе өзгермейтін сияқты: күні бұрын Ішкі істер министрлігі Ресейде есептен шығарылған, сол елдің мемлекеттік нөмірін таққан көліктердің қазақстандағы иелеріне қатысты «шара қолдану» туралы шешім қабылдады. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігіне («Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсi жоқ көлік құралын басқару») сәйкес – 10 АЕК көлемінде айыппұл салу және автокөлікті тұраққа қою шарасы.
Соның арасында Полиция департаменті брифинг өткізді. Онда жыл басынан бері Атырау облысындағы жолдарда шетелдік көліктердің қатысуымен болған жол апатында 17 адам қаза тапқаны айтылды.
- Тек 10 айдың өзінде облыста шетелдерде тіркелген көліктерді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 17 адам қаза тауып, 75 адам дене жарақатын алған. Сонымер қатар, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 4096 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, айыппұл тағылды, - деді брифингте Мырзалы Өтеғалиев.
Фархат АБИЛОВ