Атырау, 9 қазан 08:18
 ашықВ Атырау +20
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

«Ұлық ұлыс – Алтын Орда» конференциясына бөлінген 120 млн теңге қайда жұмсалды

1 936 просмотра

Жақында өткен «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық конференциясына облыстық бюджеттен 120 млн теңге қаржы жұмсалған. Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «АЖ» сауалына қаржының қалай жұмсалғанын тарқатып берді.

Бөлінген қаржы Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы (ОХШО) және Махамбет атындағы қазақ драма театры арқылы жұмсалған.

Мұражайға бөлінген 9 млн 450 мың теңгеге Абай орталығында, Салтанат сарайында және Сарайшықтағы этно-ауылға көрме ұйымдастырылған. Филармонияға бөлінген 12 млн 250 мың теңгеге 100 дана былғары белдік, алтын-күміспен апталған 100 дана сырға, түрлі сертификаттар мен былғарыдан жасалған қораптар және Алтын орда белгісімен жасалған естелік бұйымдар дайындалды. Сарайшық ауылында этно-ауылды ұйымдастыруға Халық шығармашылығы орталығы 33 млн 701 теңге жұмсаған. Бұл қаржыға этно-ауылды құру, безендіру, киіз үйлердің ішіне көрме қою, режиссерлік топтарға, қолөнер шеберлеріне, садақ атушылар, тазы ит, бүркіт, жылқы, шатырларды жалға алу монтаж жұмыстары жасалған.

Ал алыс-жақын шетелден және еліміздің әр түкпірінен шақырылған 57 қонақтың келіп-кету шығындары, қонақ үйлері мен тамағына, театрдың алдын, фойе мен кіреберісін, сахнаны безендіру, жалдамалы қолөнер шеберлері мен «Номад» каскадерлік тобына Махамбет атындағы қазақ драма театры арқылы 64 млн 600 мың теңге жұмсалған.

Көпшілік этно-ауылға жасалған макеттер сақтала ма, неге мектептерге таратылып берілмейді деген сұрақтар қойған еді. Бұл сауалға киіз үйлер аудан әкімдіктері ұйымдастыруы бойынша құрылды. Ал хан орданың макеттері бір реттік болғандықтан, бұзылды. Алтыбақандар алдағы уақытта облыс көлемінде ұйымдастырылатын мәдени шараларда қолданылатын болады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

9 қараша 2021, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.