Атырау, 9 қазан 10:33
 ашықВ Атырау +20
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

​Балық инспекторлары әріптесінің үкімін үнсіз тыңдап шықты

1 771 просмотра

4 қарашада №2 қалалық сот ҚР ҚК-нің 361-бабымен («Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану») және 366-баптың 3 бөлігінің 4 тармағы («Бірнеше рет пара алу») бойынша айыпталған «Жайық-Каспий» балық шаруашылығы инспекциясы Дамбы бөлімінің бұрынғы қызметкері Е.Жұбановқа қатысты үкім шығарды.

Айта кетерлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастамасымен Атырау соттарында мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлықты алдын алудың жаңа әдісі қолданыла бастады. Енді сыбайлас жемқорлыққа қатысты баптар бойынша сот үкімі сотталушы жұмыс істеген ұжымның қатысуымен жарияланады.

Сот Жұбановтың заңсыз балық аулаумен айналысатын тұлғалардың Солтүстік Каспийдің ерекше қорғалатын аймағына кедергісіз өтуін қамтамасыз еткені үшін бірнеше рет пара алғанын анықтады.

Оған жаза ретінде мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 813 333 теңге айыппұл салынды. Бұл ретте сот Жұбановтың өз кінәсін мойындап, өкінгенін және оның асырауында кәмелетке толмаған балалары мен жұмыссыз отырған жұбайы бар екенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде назарға алды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы («Пара беру») бойынша балық инспекторына пара бергендер де жазаланды. Пара мөлшеріне байланысты Е.Бектемісовке, Ж.Оразбаевқа және Е.Ашығалиевке сәйкесінше 1 965 000, 150 000 және 75 000 теңге айыппұл салынды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

4 қараша 2021, 15:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.