30 қазанда футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы 26-турында «Атырау» қарағандылық «Шахтермен» сырт алаңда кездесті. Бұл матч кесте ортасында тұрған екі команда үшін де турнирлік жоспар тұрғысынан ештеңе шешпеді. Тек маусымды көтеріңкі көңіл-күймен аяқтау керек болды.
Меймандар 16-минутта есеп ашты, мұны поляк Петр ГЖЕЛЬЧАК жүзеге асырды. Бірақ 39-минутта «Шахтер» шабуылшысы Айдос ТӘТТІБАЕВ есепті 1:1 етіп, 64-минутта да алаң иелерін алға шығарды. Ал 78-минутта үшінші голды «Шахтер» ойыншысы Идрис УМАЕВ соқты. Нәтиже - алаң иелерінің пайдасына 3:1.
Неге екені белгісіз, әлеуметтік желіде жанкүйерлер «Атырау» қақпашысы, армян легионері Арам АЙРАПЕТЯНДЫ гол жіберіп алғаны үшін кінәлайды. Ал ол, керісінше, біздің команданы әлденеше рет құтқарып қалған еді. Жігіттер, ақиқатын білу үшін матчтың бейне шолуын көру жеткілікті.
Айнұр САПАРОВА