Атырау, 24 қараша 22:19
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тереңнен бастау алған «Алтын Орда»

Сурет Бейнежазба
2 335 просмотра

Атырау облысы әкімдігі «Алтын Орданың» 750 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтті. Мұнайлы астананың төрінде үш күнге ұласқан шараға Еуропа, Америка, Түркия, Жапония, Ресей, Украина елдерінен делегация шақырылды.

Салтанатты шара 27 қазан күні Махамбет атындағы қазақ драма театрында қазақ тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылыммен ашылды. Қойылымда Шыңғыс ханның, Керей мен Жәнібек ханның және сол кезеңдегі батырлардың образы сомдалды. Театрдың сыртқы кіреберісіне хан сарайына ұқсатылған шатыр тігілді. Айта кетейік, «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» шарасының ашылуына театрдың сыртқы кіреберісін, фойесін және қойылымға сахнаны безендіру үшін бюджеттен 36 млн қаржы бөлінген.

Жиынның ашылуында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА сөз алды:

- Алтын Орда - қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі. Атырау облысында киелі, тарихи орындар көп. Соның бірі - көне Сарайшық қонысы. Алтын Орда кезеңінде елеулі роль атқарған қоныстың еліміздің дәл осы аумағында орналасуы бекер емес.

28 қазанда түрлі елден келген зерттеуші-ғалымдар  «Алтын Орданың мәдени мұрасы», «Алтын Орданың археологиялық мұрасы», «Алтын Орда дәуіріндегі фольклор» тақырыптарына арналған панелдік конференция жұмысын бастады.  

Онда тарихшылар түрлі елдің архивтерінен табылған жаңа тарихи құжаттармен бөлісті. Ғылыми конференцияға ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен АБАЕВ пен Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ те арнайы келді.

Д. Абаев алдымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Хатта «...Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек», - делінген. Осы мақсаттар аясында шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту, содан соң Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандар туралы деректі фильмдер сериясын шығарып, алтынордалық эпостар желісімен балалар ертегілерін шығару жоспарланған.

МЫҚТЫ ЖІГІТТЕР

Өз кезегінде сөз алған Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ Атырауда «Сарайшық қалашығының» жобасы жасалғанын жеткізді:

- Жоспар бойынша кешен аумағында 20 шақты нысан бой көтереді. Солардың ішінде «Жайықтан өтер жылжымалы жүзбелі көпірді» ерекше атап өтуге болады. Ибн Баттутаның естелігінде Сарайшық аумағында «Орда базардың» да болғаны аңыз болып айтылады. Сондықтан бұл киелі мекенді сауда орталығы ретінде дамыту аса маңызды. Кешен ішінде жылқымен, түйемен сейіл құру және Жайық өзені үстінде алтын қайықпен серуендеу көпшіліктің қызығушылығын оятатын жоба болады.

Түстен кейін министрлер Сарайшықтағы этно-ауылға барды. Бұл жерде киіз үйлер тігіліп, қазақ хандығынан көрініс қойылды. Келушілер музей қорындағы жәдігерлер мен жергілікті қолөнершілердің бұйымдарымен танысты. NOMAD каскадёрлер тобы көрермендерді ат үстіндегі трюктермен тәнті етті.

Этно-ауылдағы бұл шара бейсенбіде конференцияға арнайы шақырылған делегациялар мен министрлерге арналып жасалды. Ал облыс тұрғындары үшін бұл көріністер жұма күні қайта қойылды. Жұма күнгі шараға облыстың барлық өңірінен мыңға жуық адам қатысқан.

ӘЛІ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ КӨП КЕРЕК

Мерекенің негізгі бөлігі археологтар көрсеткен олжалар болса керек. Ал Сарайшық пен оның төңірегін әлі де қазу керек. Мәселен, бұл жерде биыл жебе ұштары, айна, керамика сынықтары, Өзбек хан тұсындағы теңгелер мен монеталар табылған. Ғалымдар бұл жерде XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деген пәтуаға келді.

– Бұл жерде қазба жұмыстары көптен жүргізіліп келеді және олар нәтижесіз болған емес. Осы жылдың маусым айында Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді таптық. Бұл жерде зерттейтін орындар көп, археологтар әрі қарай жұмысын жалғастырады, - деді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек ТҰРАРҰЛЫ.

Халықаралық конференция Жылыой ауданындағы тарихи орын «Ақмешіт» кешеніне экскурсиямен аяқталды.

... Қазір көпшілік осынау өте маңызды шараға қанша бюджет қаражаты жұмсалғанын білуге асық. Бейресми ақпарат бойынша, бастапқыда бюджеттен 400 млн теңге бөлу ұсынылған. Анығын білу үшін «АЖ» облыс әкімдігіне ресми сауал жолдады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

1 қараша 2021, 11:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.