Атырау, 9 қазан 11:21
 ашықВ Атырау +20
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Сот хроникасы

1 819 просмотра

Жылыой аудандық сотында баласы үш жасқа толғанша жұбайын асырау үшін алимент өндіру туралы азаматтық іс қаралды. Арызда талапкер А. жауапкермен некеден 3 жасқа толмаған ортақ баласы бар екенін, оны жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын және материалдық қолдауға мұқтаж екенін, жауапкер Б.-ның өз еркімен қолдау жасамайтынын көрсеткен. Әйел соттан Б.-ны баласы үш жасқа толғанша ай сайын 10 АЕК (20 917 теңге) мөлшерінде алимент төлеуге міндеттеуді сұраған. 

Сот талқылауы барысында тараптар дауды судьяның қатысуымен медиация тәртібімен реттеу туралы өтініш берді. Сотқа ұсынылған келісімге сәйкес, Б. талапкердің өтінішімен келісіп, сәйкесінше А. талап арызынан бас тартты. 

*** * *

Құрманғазы аудандық соты М.Р.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-тармағында («Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу») көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айыпталды. 2021 жылдың 27 шілдесінде М.Р.-ны Құрманғазы ауылында жүрген жерінде полиция қызметкерлері ұстағаны, оның жанынан салмағы 15,79 грамм марихуана тапқаны белгілі болды. Әрі қарай тексергенде, ол алқаптан қарасора жинап, кейін кептіріп, уатып, пакетке орап алғаны анықталды. Сотталушы М.Р. кінәлі деп танылып, 80 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды. 

* * * * *

20 қыркүйекте Индербор кентінде Lada-21214 жүргізушісі А.С. электр бағанасына одан кейін газ құбырына соғып, оқиға орнынан бой тасалаған. Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін мойындап, өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде, ал алкогольдік масаң күйде болғанын ауырлататын мән-жай ретінде ескерді. Нәтижесінде ол ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 2-тармағы («Жүргізушінің өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы») бойынша кінәлі деп танылып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

* * * * *

Индербор ауылында жергілікті тұрғын А.К. отбасындағы жанжал кезінде заңды әйелін еш жеріне зақым келтірмей ұрып-соққан. Күйеуі кінәсін мойындап, өкініп, жанжал медиация тәртібімен шешілді. Сот тараптардың арыздарын ескере отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 64-бабының негізінде істі қысқарту туралы қаулы шығарды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА, Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 қазан 2021, 14:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.