Махамбет ауданы Ортақшыл ауылының тұрғындары өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерінің ауылдағы аулалардың бірінде пішен өртенгенде үш баланың өлгенін біраз уақыт жасырды дейді. Ал бұл кезде жоғалған Рахман, Ислам және Нұрбақыт есімді бірінші сынып оқушыларын белсенді іздестіру жүріп жатқан.
Ең сорақысы - балалардың дәл шөп жанып жатқан жерде екенін ешкім білмеді. Өрт кезінде ауыл тұрғындары балаларды шарқ ұра іздеді. Олар Жайыққа батып кеткен шығар немесе өздері қалаға кетіп қалған болар деген түрлі болжамдар айтылды.
- Мұның бәрі қалай болғанын нақты білмейміз. Немерем кешкі беске дейін үйде болды, содан кейін екі досы келіп, бірге ойнауға жіберуін сұрады. Жібергім келмеген, бірақ ол бір сағаттан кейін келемін деп қатты өтінді, - дейді қаза болған балалардың бірінің әжесі Алтын ӘБЕНОВА.
Өрт сөндірушілер өртті екі сағаттан кейін сөндірді, содан кейін өртенген балалардың сүйектері табылды. Бірақ бұл туралы іздеушілерге бірден хабарламаған.
- Балаларды бәріміз іздедік, бірақ олардың мәйіті табылғанын бізге айтқан жоқ. Біраз уақыттан кейін ғана бәрін жинап, хабарлады. Ал біз бостан босқа іздеп жүрміз. Тіпті ата-аналары да білмеді, - дейді ауыл тұрғыны Ардақ ЕСБОСЫНОВ.
Ауыл тұрғындары балаларды Жайықтан, жағалаудағы бұталардан іздеген, содан кейін ауылдағы аулалардың бірінде қылмыс немесе оқиға болғанын білдіретін сары лентамен қоршалғанын білген.
- Балалардың тірі екеніне сендік. Содан соң сары лентаны көріп, полицейлерге жақындап барып сұрадық. Әйтпесе, іздей берер едік, - дейді Ортақшыл тұрғындары ашуланып.
«AЖ»-ға Атырау облысының Полиция департаменті хабарлағандай, қараңғы түсіп кеткендіктен ауыл тұрғындарына хабарлауға мүмкіндік болмаған.
- Оқиға орнында мамандар мен тергеу-жедел тобы жұмыс жасады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, - дейді ПД. Атырауда өртенген балалардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізілуде, бірақ бұл рәсімділік қана. Ата-аналар сараптамаға қан тапсырды, енді жерлеу үшін мәйіттердің берілуін күтіп отыр. Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ көңіл айтты. Махамбет ауданында барлық ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылды.
Фархат АБИЛОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор