Атырау, 19 мамыр 04:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Жайықпен бірге бекіре тұқымдастардың уылдырық шашатын жерлері жойылуда

Сурет
1 768 просмотра

12 жыл ішінде Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының аумағында уылдырық шашатын жерлердің 80% жоғалды. Жайықтың апатты түрде тайызданып жатқанын ескерсек, қайтымсыз ахуал орын алуы мүмкін.

АЛТЫ ЖЕР ҒАНА ҚАЛҒАН

Бекіре тұқымдас балықтың табиғи уылдырық шашатын жерлері болуын күні кешеге дейін Жайық өзенін бірегей су қоймасы қылатын басты ерекшеліктерінің бірі деп атаған еді. Табиғи «перзентханаларды» алғаш рет 1968 жылы ғылыми зерттей бастады. Сол кезде олардың ауданы 1700 га болатын. 2004 жылы уылдырық шашатын 68 жердің ауданы 958 га ғана деп есептелді. 2016 жылы жүргізілген соңғы зерттеу бойынша уылдырық шашатын жердің 80% жоғалғаны тіркелді. Яғни, бар болғаны 197 гектар жер қалған.

- Жоғары сапалы уылдырық шашатын субстрат Батыс Қазақстан облысындағы уылдырық шашатын төрт жерде - Найденовское, Нижне-Барбастовское, Яблоневое және Политовское, ал Атырау облысында екі жерде - Индерское мен Яманхалинское деген жерде ғана сақталған, - дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры» Қуаныш ИСБЕКОВ.

Бұл бес жылғы мәліметтерге қатысты айтылған нәрсе. Ал 2016 жылдан кейін уылдырық шашатын жерлер зерттелмеген, олардың қазіргі күйін тек болжауға болады.

- Зерттеу үшін жоспар-кесте жоқ, бәрі де ғылыми зерттеулер мен басқа жобаларға қойылған міндеттерге байланысты. Әдетте табиғи өсіп-өну мәселелері басқа мониторингтік зерттеулермен бірге кешенді қарастырылады. Егер бейінді мемлекеттік ведомстволар тендер жарияласа, уылдырық шашатын жерлерді қайта зерттеуі мүмкін, - дейді Қ.Исбеков.

 

ҚОРТПА МЕН БЕКІРЕ ӨРІСТЕЙДІ

Бекіре тұқымдас балықтың қалыпты уылдырық шашуы үшін қолайлы орта: жылдам ағыс, судың жеткілікті көлемі және ірі түйіршікті құмнан, қиыршық тас пен қайыршақтан тұратын топырақ (уылдырық шашатын субстрат) қажет. Соңғы мәлімет бойынша, Жайықтың тайыздануы мен лайлануына байланысты уылдырық шашатын субстрат айтарлықтай теріс өзгерістерге ұшыраған. Кейбір аналық табиғи уылдырық шашатын жерге жетіп, уылдырық шашса да, мұндай топырақта уылдырықшалар өліп қалады.

Сондықтан, Жайықта 11 жыл бойы қортпа мен орыс бекіресінің уылдырық шашпайтынына таң қалуға болмайды. Тек кей жылдары «БШҒӨО» ЖШС Атырау филиалының жас шоқыр мен сүйріктің төменгі ағыс бойымен өрістегенін тіркеді. Мысалы, 2014 жылы балық өсірушілер жас шоқырдың 114 данасын, 2017 жылы - 56, 2020 жылы - бір ғана жас шоқыр мен 4 сүйрікті аулаған.

Бұдан уылдырық шашатын жерлердің бәрі дерлік жойылғандықтан, бекіре тұқымдас балық іс жүзінде табиғи өсіп-өнбей жатыр деген қорытынды жасауға болады.

- Біз бұлай біржақты айта алмаймыз, тек нашарлау үрдісін ғана атап отырмыз, өйткені бақылау маусымдық сипатқа ие, кездейсоқтық факторы жоғары. Табиғи өсіп-өну деңгейі туралы негізделген қорытындыны ұзақ әрі жүйелі ғылыми бақылаудан кейін жасауға болады, - деп есептейді сұхбаттасушым.

 

«КАРАНДАШТАР» ЕРТЕ ЖЕТІЛЕДІ

Қазір бекіре тұқымдас балық үйірі тек жасанды өсіп-өну арқылы сақталып отыр деген пікір бар. Атырау қаласы маңында – Еркінқала мен Курилкинде бекіре тұқымдас балық өсіретін екі зауыт бар. Олар жұмыс істеген 20 жылдан астам уақытта қортпа, пілмай, бекіре, шоқыр мен сүйріктің жүз миллионнан астам шабағы жіберілді. Бірақ бұл шабақтардың одан кейінгі тағдыры мен олардың ұрпақ көбейту қабілеті туралы нақты дерек жоқ. Бұл ретте отандық ихтиологтар Атырау бекіре зауыты «түлектерінің» өмір сүру деңгейі 1-3 пайыз екенін айтады. Әзірге ауланған бекіре тұқымдас балықтың зауыттан шыққан ба, әлде табиғи ма, шығу тегін анықтайтын нақты критерийлер жоқ. Алайда жасанды жолмен өсірілген балықтың табиғи түрінен тіпті реңі бойынша да айырмашылығы бар деген жорамал айтылады.

Ал қортпаның жыныстық жетілуіне 18-20 жыл, сүйрікке 7-9 жыл, бекіреге 10-12 жыл қажет. Осылайша, бір кездері зауыттар шығарған шабақтар көп уақыттан бері уылдырық шашатын жерге жете алмай жүрген шығар.

- Назар аударыңыз, бұрын жыныстық жетілген шоқыр бір жарым-екі метрге дейін жетсе, қазір уылдырық беруге қабілетті аналықтың мөлшері бір метрден аспайды. Бұл «карандаштар» біздің зауыттың түлектері шығар деп есептеймін, - дейді Атырау бекіре балығын өсіру зауытының  (Еркінқала) директоры Рашиден ҚАЛИДУЛЛИН. Айтпақшы, жақында осы жерде 3,7 млн шоқыр шабағы суға жіберілді. - Біздің шабақтардың арасында тірі қалғандар бар, бірақ кейін олар уылдырық шашатын жердің жоқтығынан және өзеннің тайыздығынан уылдырық шашуға шықпайды.

 

ЕГЕР КЕШ БОЛМАСА, ЖАСАНДЫ ЖЕР ЖАСАУ КЕРЕК

Бәлкім, болашақта ғалымдар бекіре тұқымдас балықты жасанды көбейтуге Каспий өңірінің әр мемлекетінің, тіпті, әрбір балық өсіру зауытының қосқан үлесін анықтай алатын шығар. Сонымен қатар, балық түрін 100% сәйкестендіруге, балықтың шығу тегін анықтап, көптеген сұрақтарға жауап алуға қол жеткізетін болар. Бұл бекіре тұқымдас балықтарды генетикалық паспорттау арқылы мүмкін болады. Бірақ!

- Бұл механизм барлық Каспий маңы мемлекеттері бірлесіп әрекет еткенде ғана тиімді болады. Бізде Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтарды генотиптеу 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол балық өсіретін зауыттарда ғана емес, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы жеке фермаларда да жүргізіледі. Мұндай жұмыс Иран, Әзірбайжан және Ресейде де жүргізілуде. Түркіменстан әзірге зерттеу жұмыстарына кіріскен жоқ, қалай дегенмен де бізде мұндай ақпарат жоқ, - деп атап өтті Қ.Исбеков.

Уылдырық шашатын жерлерді құтқаруға келетін болсақ, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» мамандары бұрын, атап айтқанда, оларды мелиорациялауды, жағалауды бекіту жұмыстарын, сапалы субстраты бар жасанды уылдырық шашатын жер жасау сияқты табиғи өсіп-өну үшін қолайлы жағдай жасауды ұсынды. Ұсынылғандардың ішінде тек тереңдету жұмыстары ғана жүргізілуде.

Осылайша, ұзақ жыл бойы табиғи уылдырық шашатын жерлердің жай-күйіне ғалымдардан басқа ешкім назар аудармады, енді олар толық жойылу алдында тұр. Қазір құрып бара жатқан Жайық өзенінің бассейнін құтқару мәселесі тұр. Әзірге алынып жатқан шаралар көбіне ресми сипатта ғана. Сондықтан алдағы уақытта құтқаратын ештеңе де қалмайды.

Лев ГУЗИКОВ

10 тамыз 2021, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.