Атырау, 26 сәуір 10:46
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырауда үлескерлер құрылыс компаниясына сеніп, 111 миллион қаржысынан айырылды

1 597 просмотра

Өзен жағасындағы Атыраудың беделді ауданынан тұрғын үй салуға үлестік қатысуға қаржы салған жәбірленушілерге тигізілген жалпы шығын 111 миллион теңгеден асады.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тергелуде. Бұдан бұрын Атырау облысы бойынша полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамбет МҮТӘЛИЕВ атап өткендей, бұл Атыраудағы үлестік құрылыс нарығында алғашқы алаяқтық оқиғасы.

... Тұрғын үй кешенінің жарнамасы ауқымды әрі өте белсенді болды. Оған сенген Әсел күйеуімен бірнеше күннің ішінде көлігін сатып, жетпеген бөлігін қарызға алып, пәтер құнының 50%-ын жинады. Бірінші жарнадан кейін ай сайынғы төлем кестесі жазылған келісім жасайды. Үш айдан кейін олар келесі айларды төлеу үшін несие алуға мәжбүр болды, өйткені өз жеке жинақтары таусылған еді. Олар құрылыстың уақытылы  бітетініне сенімді болғандықтан несие алды, өйткені сол жерде компанияның құрылтайшысы ата-анасымен және басқа да адамдар тұрған 2 қабатты шағын пәтерлі ғимарат әзір тұрған еді.

Бір жарым жыл бұрын Әсел жер учаскесінің басқа фирманың меншігіне өтіп кеткенін білді. Ол фирма екі қабатты үйді бұзып тастаған, қазір ол жерде жаңа тұрғын үй кешені салынып жатыр. Компания кеңсесі жабық болып шықты, ғимаратқа басқа фирма жайғасқан. Тұрғын үй кешенінің бүкіл үлескері дымсыз қалды, олар тұрғын үй мен салған қаржыға қатысты талаптарын кімге қоярын білмеді.

- Жарнамада гео-мәліметтер, объектінің қала картасында нақты орналасуы және топографиялық түсірілім суреті берілген. Бұл ақпарат ұзақ уақыт бойы жалпыға қол жетімді веб-сайттарда болды және учаске иесінің өз аумағында не болып жатқанынан бейхабар болуы мүмкін емес. Өйткені бұл элиталы аудан болып саналатындықтан, оның учаске иесі ретінде де, құрылыс салушы компания ретінде де еленбей қалмасы анық. Демек, учаске қожайыны ол жерде басқа біреудің құрылыс салып жатқанын білген ғой? Мемлекет те үлестік құрылыс саласын бақыламайтын болғаны ғой? – дейді үлескерлер дал болып.

Полицияға 11 шағым келіп түсті, олардың барлығы бір процеске біріктірілді. Жәбірленушілерге жалпы сомасы 111 636 900 теңге залал келтірілген.

«Жеңіс саябағы ауданындағы Жайық жағалауынан тұрғын үй кешенін салуға уәде берген компанияға қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның екі басшысына қатысты тергеу амалдары жүргізіледі. Олардың біріне іздеу жарияланды, ұсталып, Атыраудағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екіншісіне қатысты мамандандырылған тергеу соты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Бұл іске қатысты үшінші адам бар, бірақ бұл азаматтың іс-әрекетіне тергеу нәтижесі бойынша заңды баға беріледі», - деп хабарлады Атырау облысы бойынша полиция департаментінің баспасөз қызметі. Тергеу жорамалы бойынша, бұл үш азамат аса ірі мөлшерде бөгденің мүлкін ұрлау мақсатында, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатуды желеу етіп, жәбірленушілердің ақшалай қаражатын иемденген. Ал қамауда отырған тергелуші өз кінәсін мүлдем жоққа шығарады.

Оның айтуынша, олардың фирмасы оларға жер учаскесін сатуға уәде берген компанияның құрбаны болған. Олар сол жерден тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап, тіпті, сол үшін бұлардан 100 мың доллар алыпты. Алайда, кейін ол компания өз міндеттемелерін орындамай, басқа заңды тұлғамен жер сатып алу-сату шартын жасаған. Тергелуші бұл мәмілемен келіспейді, қазір, оның айтуынша, осы іс бойынша  сот отырысы Алматыда азаматтық тәртіпте өтіп жатыр.

- Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеу жүргізіліп жатқан адамдарға қатысты материалдарды зерделеу сатысында. Содан кейін іс сотқа жіберіледі, - деп хабарлады полиция департаменті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

26 шілде 2021, 11:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.