Атырау, 19 наурыз 14:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Үміткердің үміті үзілді

2 589 просмотра

Біздің бұрынғы әріптесіміздің бірі Дамбы ауылдық округі әкіміне «Адал» партиясынан үміткер болуды ұйғарыпты. Бірақ партия ол үшін сайлау жарнасын төлемеген.

Бұл үміткер – Дамбы ауылының тұрғындарына жақсы таныс, құрмет тұтатын ақылды әрі адал адам. Адамдар оған бағын сынап көруге кеңес берген, оның өзі де амбициясын жасырмады. Жақында әлеуметтік желіге қала маңындағы Дамбы ауылын өзгерту жоспарымен де бөлісті.

Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының басшысы Есенжол ЖҰМАҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, «Адал» партиясынан қала маңындағы Қайыршақты және Дамбы ауылдық округтері әкіміне екі кандидаттан құжаттар түскен. Ол «Адал» партиясы екі үміткерге де жарна төлемегенін растады.

- Партияның өандай себептен бас тартқанын білмеймін, - деді Жұмағалиев.

Естеріңізге салсақ, үміткерлерді тіркеу 14 шілдеде аяқталды. Атырау облысында 73 адам өз кандидатураларын ұсынды. Облыстық сайлау комиссиясы 5 үміткерді тіркеуден бас тартылғанын хабарлады. Оның ішінде, біреуі мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмегендіктен және төртеуі барлық қажетті құжаттарды тапсырмағандықтан (үшеуіне сайлау жарнасы төленбеген, біреуі арнайы тексеру үшін құжаттарын толық ұсынбаған). Тағы алты адам өз кандидатураларын алып тастады.

Нәтижесінде Дамбы ауылдық округі бойынша әкім болуға келесі кандидаттар тіркелді:

1. Байзуллин Ұзақбай Шораұлы, 1961 жылы туған, Дамбы ауылдық округінің әкімі, Амангелді ауылының тұрғыны, «NurOtan» саяси партиясынан ұсынылған;

2. Егізалиев Рамазан, 1966 жылы туған, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептің директоры, Құрманғазы ауылының тұрғыны, өзін-өзі ұсынушы;

3. Мұратуллин Жанәділ Тілекқабылұлы, 1976 жылы туған, «Атырау орман мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ директоры, Атырау қаласының тұрғыны, «Ауыл» ХДПП ұсынған;

4. Шәкіров Толыбай Шәкірұлы, 1960 жылы туған, жұмыссыз, Атырау қаласының тұрғыны, ҚХП ұсынған;

5. Джахаев Серік Нұрбайұлы, 1971 жылы туған, «Консалтинг Строй Сервис Центр Компания» ЖШС директоры, Атырау қаласының тұрғыны, «Ақ жол» ҚДП ұсынған;

6. Ибрагимов Қуаныш, 1965 жылы туған, «Батыс транзит» АҚ инженер-энергетигі, Атырау қаласының тұрғыны, ЖСДП ұсынған.

Қайыршақты ауылдық округі бойынша: 

1. Асанова Гүлмира Борисқызы, 1968 жылы туған, №59 «Ақбөбек» балабақшасының директоры, Ақжар ауылының тұрғыны, өзін-өзі ұсынған;

2. Қалиев Шапхат Қарашұлы, 1969 жылы туған, Қайыршақты ауылдық округінің әкімі, Томарлы ауылының тұрғыны, «NurOtan» партиясынан ұсынылған.

Айнұр САПАРОВА

23 шілде 2021, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.