Атырау, 19 наурыз 16:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Сарайшық ауылы сайлау қарсаңында

Сурет Бейнежазба
2 504 просмотра

Ауыл әкімдерін сайлауға бір апта қалғанда «AЖ» тілшісі Атырау облысының Махамбет ауданына барып келді. Сарайшық ауылы өзінің бай тарихымен белгілі, бірақ қазір қазір үміткерлер мен сайлаушылар көбірек қызықтырып отыр.

Махамбет аудандық сайлау комиссиясы Сарайшық ауылының әкімі қызметіне төрт үміткер бар екенін хабарлады: 36 жастағы Жексенбай ПАЗУЛОВ («Нұр Отан» партиясынан), 34 жастағы Ринат ӘБДУҒАЛИЕВ (Қазақстанның Халық партиясынан) және өзін-өзі ұсынған кандидаттар - 40 жастағы Жанар ӨМІРОВА мен 50 жастағы Серік ҚОЙБАҚОВ.

Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сағынғали ШОТПАҚОВТЫҢ айтуынша, Пазулов қазір аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарады; Әбдуғалиев қазір жұмыссыз, оның соңғы жұмыс орны - Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушысы; Өмірова Сарайшық ауылындағы балабақша меңгерушісі; Серік Қойбақов - Сарайшықтан 10 шақырым жерде орналасқан Таңдай ауылындағы Қ.Ахмедьяров мектебінің директоры.

Тек Өмірова мен Әбдуғалиевті жергілікті тұрғын деп атауға болады. Жанар Өмірова 2012 жылы ауылға тұрмысқа шыққан кезде келген. Ал Ринат Әбдуғалиев осы жерде туып-өскен, бірақ көп жылдар бойы облыс орталығында тұрады.

Ауылда екі айға жуық уақыттан бері әкім жоқ - оның міндетін Сарайшық ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Қалмұрат ЕСЕНҒАЗИЕВ атқарады. Біз оны әкімдік ғимаратынан көре алмадық. - Ол ауданға кетті. Жақын арада болмайды, - деп түсіндірді әкімдік қызметкерлері.

Кейін біз Есенғазиевпен телефон арқылы хабарластық. Ол үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, Махамбет ауданының әкімі Ринат ДЖАНГЛИШЕВТІҢ өкімімен бұрынғы әкім Нұрболат ДОСҚАЙЫРОВ 1 маусымда қызметінен босатылған. Қандай себеппен екенін білмейді. Ал жергілікті тұрғындардың жорамалы бойынша, Досқайыров өз қалауымен жұмыстан кеткен, өйткені оған дұрыс жұмыс жасауына мүмкіндік бермепті.

- Ол аудан әкімімен тіл табыса алмадым деді. Ауылда көп балалы отбасыларға арналған 8 пәтерлі үйлер салынды. Құрылыс сапасы сын көтермеді. Мердігерде кемшіліктерді жою үшін 2 жыл кепілдік мерзімі болды. Бірақ әкім бәрібір қызметінен кетті, - дейді тұрғындар.

Олар бұрынғы әкім туралы жақсы пікірде. Ол тұрғындарға ашық адам, ауылдың гүлденуі үшін жұмыстанды деседі. Енді жаңа әкімнің де Сарайшыққа жаныы ашып тұрса, ең бастысы, еңбекқор әрі адал болса дейді.

Ауыл тұрғыны Абат ЕСМУРЗИН

- Үміткердің екеуі жергілікті екенін білеміз. Біз жергілікті үміткерлерді қолдаймыз. Арасында әйел адам да бар. Әрі ана, әрі бір үйдің әйеліне, ауылды басқару қиынға соғуы мүмкін, бірақ бәрі өзіне байланысты. Екіншісі - Ринат, жас, білімді жігіт, бірақ оған алыстан келіп кету оңай болмайды. Соған қарамастан, әкімнің орнына жастар келу керек деп санаймыз.

- Алдағы сайлау туралы не ойлаайсыз?

- Әлеуметтік желіде билік өз адамын, «Нұр Отан» партиясынан түсетін үміткерді әкім етіп тағайындайды деп жазып жатыр. Бірақ менің ойымша, халық өз кандидатын өзі таңдайды, ал сайлау әділ өтеді деп ойлаймын. Мен үшін адамның қай партиядан екені маңызды емес, бастысы - жақсы жұмыс істесін.

- Жаңа әкімнен не күтесіз? Ол қандай болуы керек?

- Әкім қаржылық сауатты әрі бюджет қаражатын ұтымды пайдалана білуі керек. Біздің ауылда қордаланған мәселе көп, оларды шешу керек. Бұрынғы әкімдер туралы жаман сөз айтқым келмейді, әрқайсысы қолдан келгенше жұмыс жасады. Бірақ қолында бюджет болмағандықтан, қолдары қысқа болды.

Тұрғын Светлана МУСИНОВА жаңа әкімнен, ең алдымен, ауыз су мәселесін шешуді күтеді. Сорғының бұзылуы салдарынан ауыл тұрғындары оны сатып алуға мәжбүр.

Тұрғын Сәрсен ЕСЕНЖАНҰЛЫ жаңа әкімнің мердігерлерге талапшыл болғанын қалайды:

- Былтыр көшелерге электр желісін жүргіздік, бірақ әлі үйлерге қосылған жоқ. Әкім мердігерлерден жақсы сапа мен бүкіл міндеттемелерді орындауын талап етуі тиіс.

Ал Нығмет ҚҰРМАШЕВТІҢ пікірінше, сайлауға бақылаушылар қатыспаса, әсіресе бюллетеньдерді шығарып, дауыстарды санаған кезде, сайлаудың қалай аяқталатыны белгілі.

Неге екені белгісіз, Нұргүл АЛПЫСБАЕВА қазірдің өзінде сайлауда «Нұр Отан» партиясының үміткері жеңетініне сенімді.

- Қалай болғанда да жаңа әкімнің ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына көмектескенін қалар едім, - дейді Нұргүл. - Ол өзекті мәселелерді де шеше білуі керек. Біздің басты проблемамыз – өзен жанымызда ағып жатса да, ауыз судың дұрыс болмауы. Бізге жайылымдық жер де жетіспейді, мал жаятын жер жоқ.

Ауыл тұрғындарының пікірін тыңдаған соң, үміткерлермен сөйлесуді жөн көрдік. Жанар Өмірова жұмыс орнында екен, ал қалғандарымен (Қойбақовтан басқасы) телефон арқылы хабарластық. Өмірованың айтуынша, ол бұл жерде көптен тұратындықтан және ауыл тұрғындарының мұқтаждығын жақсы білгендіктн өз кандидатурасын ұсынған.

- Ауылда тұрғындар саны көбейіп келеді және балабақшада орын жетіспейді. Суға, жолдарға және тағы басқаға қатысты проблемаларды айтпағанда, бастауыш сыныптар үшін жеке мектеп ғимараты керек. Ауылдастарыма көмектесе аламын деп үміттенемін, - дейді Ж.Өмірова.

Үміткер Жексенбай Пазулов бірнеше жыл бойы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөллімін басқарған. Оның пікірінше, Сарайшық ауылының туризм тұрғысынан әлеуеті зор және сайланған жағдайда ол бұл мәселені дұрыстап қолға алуға ниетті.

- Мен Махамбетте 2008 жылдан бері тұрамын, өзім Құрманғазы ауданының тумасымын. Менің бухгалтерлік есеп, қаржы ісі бойынша мол тәжірибем бар - бұл менің бірінші мамандығым. Аудандық жұмыспен қамту бөліміне басшылық еткен, одан кейін аудандық кәсіпкерлік және туризм бөліміне ауысқан. Қазір өзімді жаңа қырынан сынап көргім келеді, - дейді Пазулов.

Үміткер Ринат Әбдуғалиевтің айтуынша, оған Халық партиясы және кейбір жергілікті тұрғыннан ауыл әкіміне үміткер болу туралы ұсыныс түскен және ол бағын сынап көруге дайын.

Үміткер Қойбақовен хабарласу мүмкін болмады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

23 шілде 2021, 17:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.