Коронавирустың зертханадан шыққанын дәлелдейтін айғақтар жоқ. Бұл туралы Ухань ұлттық биоқауіпсіздік зертханасының директоры, вирусология институтының ғылыми қызметкері Юань Чжимин мәлімдеді, деп хабарлайды sputnik.kz.
"Ухань вирусология институты 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін COVID-ты зерттеген де, кездестірген де жоқ. Ухань вирусология институты коронавирусты ешқашан қолдан жасаған емес, зертханадан да шығармады. Үшіншіден, институттың бірде бір қызметкері немесе студенті осы күнге дейін COVID жұқтырмады", - деді Чжимин брифингте.
Ол вирустың қолдан жасалғанын немесе оның зертханадан шыққанын дәлелдейтін бір де бір айғақ жоқ екенін атап өтті, деп хабарлайды РИА Новости.
"Ғалымдар арасында COVID-19 табиғи жолмен пайда болды деген пәтуа бар. Сарапшылар да мәлімдеме жариялады. Онда қазіргі таңда коронавирустың жасанды жолмен пайда болуын немесе зертханадан шыққанын растайтын ешқандай дәлел жоқ екені айтылған", - деп түйіндеді сөзін ғылыми қызметкер.
2019 жылы желтоқсанның соңында Қытайдың Ухань қаласында коронавирус тарай бастады. Сол кезде БАҚ-та COVID-19 қоздырғышы Ухань вирусология институтының зертханасынан шыққан болуы мүмкін деген түрлі болжам айтылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары биыл наурызда институтқа барды. Соның ішінде "вирус жасалды" деген барынша оқшауланған BSL-4 зертханасын да аралады.