Атырау, 19 сәуір 04:33
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Тікелей сайлау болады деп қуанған едік. Бірақ өзгеріссіз қалатын секілді»

Сурет Бейнежазба
2 389 просмотра

Индер ауданы Көктоғай ауылының бір топ жастары «АЖ»-ға хабарласқан болатын. Олар өз ауылдық округтеріндегі алдағы әкім сайлауы туралы пікірлерін білдіру үшін тілшіні шақырды.

...Ауылдағы мәдениет үйінің алдында сегіз адам күтіп тұрды.

- Бұдан да көп жиналар ма едік, пандемияға байланысты, әрі кейбір жастарымыз жұмыс жоқтықтан күнелтісті сырттан тауып жүр, - десті жиналғандар.

Естеріңізге салсақ, 25 шілдеде елімізде алғаш рет өкілеттік мерзімі аяқталған ауылдық округ әкімдерінің орнына тікелей әкімді сайлау өтеді. Бұған дейін сайлау жанама түрде облыстық мәслихаттардың депутаттары жанама әдіспен өткізетін, ал оларға аудан әкімі кандидаттар ұсынатын. Көктоғай ауылдық округінде «Нұр Отан» партиясынан осы жерде әкім қызметін 10 жыл атқарған Мәмбетқали ҚҰСАЙЫНОВ сайлауға түседі. Билікке «жаңа тыныс» алдырудың уақыты келді деп санайтын сұхбаттастарымды осы қынжылтады. Сондай-ақ, олар сайлаудың әділ, шыншыл өтетініне қатты күмәнданады.

- Ауыл әкімін халық өзі сайлап алады дегенді естігенде қатты қуандық. Бізде үш адам ғана сайлауға үмітер болып тұр, алайда Құсайыновтың кандидатурасы басым түсіп тұр. Біз бұдан бұрын оған барып, кандидатурасын қайтып алуды, орнын жастарға беруін айтқан болатынбыз. Он жыл әкім болды, дым жасамады деп айта алмаймыз, бірақ ауылда қордаланған проблемалар жетерлік, - деді Қанат ШАПИХОВ пен Медет ЕЛЕШ.

- Сайлауалды демалыс алғаннан кейін кандидат Құсайынов қарттардың үйін аралап жүр, ал жастармен кездескен емес. Болашақ жастардыкі емес пе, - дейді Асылжан БОЛАТ пен Медет ӘЖІҒҰЛОВ

Біз ауыл ішін аралап, бірнеше адаммен сұхбаттаспақ болдық. Бір ғажабы, олар видеоға түсуден үзілді-кесілді бас тартты. Ал «25-ші шілде ауыл әкімін сайлауы өтетінін білесіз бе?» деген сұраққа былай жауап берді:

- Естігенмін, бірақ кімді сайлайтынымды өзім білемін.

- Мәмбетқали Құсайынов болады ғой, қалғанын танымаймын.

- Сайлау өтетін бе еді?!

Индер аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділгерей САКЕНОВ:

 - Аудан бойынша екі ауылдық округ әкімін сайлау өтетін болады: Жарсуат және Көктоғай ауылдарында. Әр округте үш кандидаттан тіркелді. Көктоғайдан Ильясов Мұрат, Құсайынов Мәмбетқали және Ғаббасов Шапағат. Жарсуаттан Букеев Ербол, Махметов Талғат, Оразбаев Қонысбай. Көктөғайда 1530, Жарсуатта 1722 сайлаушы бар. «ҚР сайлау туралы» Заңының  20-бабында көрсетілгендей, кез келген ҚР азаматы бақылааушы ретінде қатыса алады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

22 шілде 2021, 11:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.