Токиодағы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тосиро Муто коронавирусқа байланысты жағдай нашарлаған жағдайда Олимпиада ойындары тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Sky Sports.
Муто егер вирус жұқтырғандар саны көбейсе ұйымдастырушылар шұғыл жиын өткізіп, Олимпиаданы тоқтатуы мүмкін екенін айтты.
"Қанша адам коронавирус жұқтыратынын болжай алмаймыз. Егер ондай жағдай болса, не істеу керегін ойланамыз", - деді Муто.
Басылым мәліметінше, кейінгі 24 сағаттың өзінде спортшылар арасында коронавирус жұқтырған 10 адам анықталған. Осылайша, жалпы инфекция жұқтырғандар саны 68-ге жеткен.
Бұған дейін Олимпиада ойындарының 26-сы көрерменмен, қалған 724-і бос трибунада өтетіні хабарланған.
Еске салайық, Токиодағы Олимпиада ойындары пандемияға байланысты бір жылға шегерілген болатын. Биыл ойын 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.