Атырау, 6 мамыр 16:08
 ашықВ Атырау +14
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Заң бұзушылықтар хроникасы

Бейнежазба
2 244 просмотра

Атырауда есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өз ауласында қарасора өсірген ер адамды ұстады. 14 түп қарасора тәркіленді. ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы («Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

* * * 

Полиция Привокзалныйдағы көппәтерлі үйлердің жертөлесінен жалпы 76 шұра (вентиль) ұрлады деген күдікпен 33 жастағы атыраулықты ұстады. ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабы («Ұсақ-түйек жымқыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

* * * 

17 шілдеде таңғы сағат 5 шамасында Атырау-Орал тас жолында Алмалы ауылының маңында ВАЗ-21101 жүргізушісі түйе қағып, оқиға болған жерден ғайып болған. Полиция жүргізушіні - 59 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Тексеру жүргізілуде.

* * *

Атырауда жыл басынан бері үш ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды, деп хабарлайды Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Мысалы, төрт балалы 40 жастағы әйел (үлкені 18, кішісі 9 жаста) еш жерде жұмыс жасамайды, ішімдікті көп ішеді. Полиция қызметкерлері бірнеше рет ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) әкімшілік хаттама толтырған. Бірақ бейбақ ана ақылға келмеген. Сондықтан кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия оны ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылдады.

* * *

14 шілдеде кешкі 6-да Атырау қаласы полиция басқармасының орталық басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары Құрманғазы көшесіндегі «Сафари» кафесінің алдында төбелескен үш ер адамды байқады. Оқиға орнына полиция жасағы келіп, 1988, 1989 және 1991 жылы туған үш ер адамды ұстады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша хаттама толтырылды. Кейін екеуіне сот 29170 теңге көлемінде айыппұл салды, ал үшіншісі бір тәулікке қамауға алынды.

* * *

Атырауда «Велосипед» жедел-алдын алу шарасы кезінде көппәтерлі үйлердің кіреберісінен бірнеше рет велосипед ұрлаған 26 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оған 11 эпизод бойынша айып тағылып отыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-тармағының 2-тармақшасы («Бірнеше рет жасалған ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай айғақтар түгел тәркіленді.

* * *

Атырау полицейлері ҚР мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Өзбекстанның екі азаматын ұстады. Олардың бірі 2015 жылдан бері Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223-бабы бойынша («Шетелге заңсыз шығу немесе Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру») Өзбекстан құқық қорғау органдары қызметкерлері іздестіріп жүр екен. Енді ол ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы («Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту») бойынша да жауап береді. Екіншісі бір жыл бұрын ҚР аумағынан шығарылған, бірақ төлқұжатын ауыстырып, қайта оралған. Тергеу сол 392-бап бойынша жүргізілуде.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Атырау облысының ПД баспасөз қызметі ұсынған сурет пен бейнежазба

20 шілде 2021, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.