Атырау, 22 желтоқсан 21:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Карантин жағдайында қалай құрбан шалынады

2 395 рет қаралды

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап, карантин күшетілуіне байланысты Құрбан шалу биыл онлайн жүзеге асады. Ол үшін  Qurban2021.kz сайты іске қосылған. Тұрғындар осы сайт арқылы қажет малды таңдап, тиісті қаражатын төлеп, үйде отырып онлайн форматта құрбан шалып, кейін онлайн есебін ала алады. Бұл туралы бүгін брифингте Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ мәлімдеді.

Қазір аталмыш сайт арқылы онлайн құрбан шалуға 9 адам өтініш берген.

– Мал базарын аралай келе мал бағасының орташа есебін шығардық. Қасапшының еңбегін қоса есептегенде сайтта қойдың бағасы 70 мың, ірі қара 450 мың теңге деп бағаланды. Биыл онлайн форматта тоқты мен ешкі деген таңдау жоқ. Өйткені былтыр ешкіге тапсырыс бергендерге оны тауып беру қиынға соқты. Ал 6 айдан асқан, жасқа толмаған малды тоқты деп сатқандар болды. Былтырғы кемшіліктер биыл ескерілді, - деп атап өтті имам.

Былтыр Qurban2020.kz сайтында қойдың бағасы 50 мың, ірі қара 350 мың болып бағаланған еді. Биыл мал бағасы едәуір өскені байқалады.

Бас имам құрбандыққа жарамды малдың сипатын баяндап өтті.

- Құрбандық малы дені сау, мінсіз болуы керек. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек, ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.

– Қазақ үйде тұратындар малды базардан сатып алып үйден шалуына бол ма?

– Әрине, ауылдық жерлерде ауласында құрбан шала алады.

– Малды үйден сойғанда жағдайы төмен адамдардың тізімін қайдан алса болады?

– Орталық мешітте көмекке мұқтаж 500 ге жуық адамның тізімі бар, сол тізімдерді алып өздеріңіз апарып берсеңіздер болады. Бұл тізімнің ішіне Qurban2021.kz сайты арқылы өтініш беріп қосылса да болады.

– Айт намазы жамағатпен оқыла ма?

– Биыл құрбан айт намазын санитарлық талаптарды сақтай отырып облыстағы мешіттердің аулаларында оқуға мүмкіндік берілді. Айт намазы 20 шілдеде 07:00 де басталып 10 минутқа созылады.

– Сенбі-жексенбіде мал базарлары ашық бола ма?

Бұл сұраққа Атырау облысы санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Рысжан ТАУБАЕВА жауап берді.

– Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 15 шілдедегі №15 Қаулысына сәйкес сенбі-жексенбі күндері ашық және жабық базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынған.

Сонымен қатар, қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Атырау облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №16 қаулысына сәйкес, құрбан айт кезінде малды соятын қасапшыларға және тасымалдаушыларға қосымша талап қойылған. Ол - Covid-19 ға қарсы вакцинаның 2 компонентін алған болу керек немесе соңғы үш тәулік ішінде жасалған ПТР арқылы зерттелген сынаманың теріс нәтижесі болу керек.

Қасиетті Құрбан айт мерекесі 20 шілдеде бастап 22 сіне дейін 3 күнге жалғасады.  Құрбандық Айт намазынан кейін шалынады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

16 шілде 2021, 21:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.