Атырау, 11 қазан 05:29
 ашықВ Атырау +13
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Атыраудан Құрманғазыға жету қиын

Бейнежазба
2 004 просмотра

«Атырау-Астрахан» тас жолының бойында болған ЖКО-да көліктің ішінде болған жолаушы әйел тірідей өртеніп кеткеннен кейін Атыраудан Құрманғазыға дейін жету қиындап кетті (қалааралық автобустар бас санитар дәрігердің қаулысымен осыдан бұрын тоқтатылған еді).  «АЖ» тілшісі сол ауданға бағыттайтын таксилер жүретін «Дина» базарына барып келген болатын.

Такси күткен кезекте балалы-шағалы отыз шақты адам тұрды. Ауылдарына жете алмай тұрған құрманғазылықтар көлік көрінсе елеңдеп, әбден мазасы кеткен.

Бала жетектеген әйел:

– Поездан түскенбіз, енді ауылға жету мұң болды. Такси жоқ, қалада танысым да жоқ, қайда барып түнеймін? Басым қатып тұр. 

Гүлжан:

– Мен осы Атырауда тұрамын. Шаруам болып, Құрманғазы ауданына барып келмек болғанмын, такси таппай тұрмын. Таңертең 10-дарда келгеннен әлі бір де бір көлік көрінген жоқ. Таксилер аудан басында жолаушы таппағасын келмей тұр дейді біреулер. Рас-өтірігін білмедім. Енді біраз күтемін, болмаса, ертең шығамын. Күн ыссыда далада «қақталып» тұру оңай емес, отыратын орын да, көлеңке де жоқ. 

Есімін айтудан бас тартқан ер адам:

– Құрманғазы ауданы тұрғынымын. Таксилер таңертең аздап болған, онда да жолақыны өсіріп жіберген, бір адамға 3 мың теңгеден, ал түстен кейін тіптен жоқ.  

Құрманғазы ауданындағы таныстардан жолаушылар күткен аялдамада төрт-бес такси тұр, ешқайсысы жолға шығайын деп тұрған жоқ деген ақпар алдық.  Ал әкімдіктегілер ішкі істер органдары тарапынан заңсыз жолаушы тасымалдаушылар тексеріліп жатыр (оң жақ рульді, тіркелмеген армян нөмірлі көліктер, жолаушы тасымалдауға рұқсаты жоқ) деп хабарлады. Бұл жақында әйел қаза болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасына байланысты деп топшылап отырмыз. Жуық арада пойызбен қатынау ұйымдастырылады деген уәде де орындалмай отыр. Қашан болатыны да белгісіз. Бір сөзбен айтқанда, билік басындағылар қамыққан халықтың жағдайына қиналмай тұрғандай. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

16 шілде 2021, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.