Грузияда төрт оппозициялық телеарна телеоператор Лексо Лашкараваның өлімінен кейін үкімет отставкасын талап етіп, эфирлерін тоқтатты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Сәрсенбі күні Грузияның "ТВ-Пирвели", "Мтавари архи", "Формула" және "Кавкасия" телеарналары 5 шілдеде зардап шеккен 52 БАҚ қызметкерінің тізімін ғана эфирге берді. Сол күні ЛГБТ маршына қарсы топ Тбилисидің орталық алаңында бүлік ұйымдастырған. Нәтижесінде марш өтпей қалды.
Сол шабуыл кезде "ТВ-Пирвели" телеоператоры Лексо Лашкарава қатты соққы алған. Алты күн өткеннен кейін ол пәтерінде қаза тапты. Сейсенбі күні оны жерлеген.
Содан бері оппозициялық телеарна қызметкерлері Грузия премьер-министрі Ираклия Гарибашвилидің отставкасын талап етіп жатыр.
Себебі гей-парад өтер алдында Гарибашвили маршты ұйымдастырушыларды сынға алған.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, журналистерге шабуыл жасаған бес адам ұсталған.
Премьер Гарибашвили 37 жастағы телеоператордың өлімін трагедия деп атап, кінәлілердің жазаланатынын айтты.