Атырау, 11 қазан 05:32
 ашықВ Атырау +13
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

​«Доссорды көшіреді деген бос сөз»

3 387 просмотра

Соңғы кездері Мақат ауданы Доссор кенті тұрғындары арасында «Доссор қалаға көшірілетін болыпты» деген әңгімелер жүріп, алаңдаушылық туғызды. Кейбіреулері жеке үй құрылысын жүргізерлерін білмей «АЖ»-ға хабарласты. Осыған орай осы мәселеге қатысты түсінік беру үшін кент әкімі Болат ЕРМЕКОВКЕ жолыққан едік.

– Доссор ешқайда көшірілмейді, - деді әкім бірден. – Қазақ мұнайының қарашаңырағында қазір 14 мыңнан астам адам тұрады, кент су, тоқ және газбен толық қамтамасыз етілген. Доссорды әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспары бар. Атап айтқанда, «Бірлік» ықшамауданындағы Р.Төлешқалиев пен К.Сейітов көшелеріндегі балалар мен спорт алаңдарын, М.Өтемісұлы, Ш.Еркешов және О.Шаримов көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолы, М.Өтемісұлы мен Ш.Еркешов қиылысында субұрқағы құрылысын, 30 шақырым көше жарықтарының жаңа құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаражат мәселесі шешілуде. Сонымен қатар, кентішілік 24 шақырым автокөлік жолдарына құжаттама жасалып, биылдан бастап «Бірлік» және «Ынтымақ» ықшамаудандарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Доссор кентінен тыс республикалық маңызы бар жолға жаңа айналма жолдың құрылысы басталып, жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Жаңадан 60 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жергілікті тұрғындар жиі шағымданатын сорлы аймақты жабу қолға алынуда. Басқа да жоспарлар бар. Сондықтан Доссорды көшіреді деген бос сөз, - деп түйіндеді сөзін Б.Ермеков.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

15 шілде 2021, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.