Атырау, 4 мамыр 12:48
 ашықВ Атырау +15
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Спорт жаңалықтары

Сурет
1 947 просмотра

Ставрополь өлкесінің Есентуки қаласында еркін және грек-рим күресінен ардагерлер арасында Бүкілресейлік ашық ойындар өтті. Турнирде ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рашид Мусин және ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Эдуард Дурманов Атыраудың намысын қорғады.

Мусин грек-рим күресінен 3 кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңіске жетті. Финалда ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері Артур Кшаноскиге есе жіберіп алды. Ол қарсыласын тушеде ұстап, таза жеңіске жетуіне бір қадам қалған еді. Сөйтіп, күміс алқа алды. Эдуард Дурманов та финалға өтті, бірақ сол жерде жеңіліп, нәтижесінде күміс алқа алды.

 

* * * * *

Павлодарда грэпплингтен Қазақстан Кубогы өтті. Атырау облысының командасы 2 алтын, 3 күміс және 8 қола алқа жеңіп алды.

Мейрамбек Айғалиев (46 келіге дейін) пен Тұрғанбек Рахымжан (54 келіге дейін) алтын алқа иегерлері атанды.

 

* * * * *

«Атырау» ДСК-де жастар арасында кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты өтті. Оған 200-ге жуық спортшы қатысты.

Ринг иелері 3 алтын, 1 күміс және 5 қола алқа иеленді. Нұрсұлтан Жұмабаев, Сәлімжан Сәлімгереев және «Ең үздік техникасы үшін» сыйлығын жеңіп алған Роман Зубарев ел чемпионы атанды.

 

* * * * *

Атырау облысының «Нарын» командасы көкпардан Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан кубогында 3-орынға ие болды.

Алдын ала өткізілген айналым қорытындысы бойынша біздің спортшылар жартылай финалға өтіп, Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасынан 2:7 есебімен жеңіліп, 3-орын үшін өткен матчта Маңғыстау облысының «Адай-Ата» командасын 3: 1 есебімен жеңді.

 

* * * * *

Павлодарда жастар мен жасөспірімдер арасында грепплингтен AIGA Қазақстан Кубогы өтті. 10 алтын, 5 күміс және 5 қола алқамен Атырау облысының құрамасы бірінші орынды иеленді.

Әдемі Дүйсенғалиқызы, Алтынай Насырова, Мерей Асқабиев, Теңелбай Жарқын, Нұртай Амангелдиев, Эльдар Әжіғалиев, Юсуп Айымбетов, Құрманқұл Әлисұлтан, Дамир Уалиев және Эльдар Рауаев жеңімпаз атанды. 

 

* * * * *

Ақмола облысының Бурабай кентінде триатлоннан Азия чемпионаты өтті. Оған Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және еліміздің 6 өңірінен 250-ден астам спортшы қатысты.

Атыраулық спортшы Нартай Қазиев жастар арасындағы «биатл» бағдарламасы бойынша күміс алқа жеңіп алды.

 

* * * * *

Одессада годзю-рю карате-додан (WGKF) ашық әлем кубогы өтті. Астана және Атырау спортшыларының қатысуымен окинава годзю-рю карате республикалық ассоциациясының командасы Қазақстанның намысын қорғады.

- Жарыстар спорттың төрт түрі бойынша өткізілді: ката, кумите шобу (олимпиадалық нұсқадағы жекпе-жек), кумите ирригуми-го (лақтыру техникасы мен ауырту тәсілдері қолданылатын толық жанасу) және кобудо (қарумен жұмыс), - дейді атыраулық бапкер А.Рахман. - Басқа жекпе-жек түрлері - қоян-қолтық ұрыс, жауынгерлік самбо және кекушин карате өкілдерінің қатысуымен өткен толық жанасу жекпе-жектері ерекше қызығушылық тудырды. Спортшыларымыздың техникасын шетелдік мамандар жоғары бағалады.

Атыраулық спортшылар Вячеслав Хороших, Бейбарыс Жаңбыр және Болат Ізбасқанов Әлем кубогының жеңімпаздары атанды. Сондай-ақ, Ізбасқанов барлық төрт түрінен жеңіске жетіп, турнирдің абсолютті чемпионы атанды.

- Жалпы командалық есепте ҚР құрамасы 7 алтын, 2 күміс және 2 қола алқамен екінші орынды иеленді. Бұл жетістікке Атырау облысының спортшылары үлкен үлес қосты, - деп түйіндеді А.Рахман.

 

* * * * *

Қызылордада жастар арасында соғыс және еңбек ардагері Ахмет Шынтайұлын еске алуға арналған белдесіп күресуден Қазақстан чемпионаты өтті. Атырау облысының командасы бұл жерде 1 алтын, 2 күміс және 1 қола алқа жеңіп алды.

55 келіге дейінгі салмақта Нұржан Сәрсенғалиев ел чемпионы атанды. Күміс алқа Ақниет Ізбасаров пен Жаңылсын Мұхатованың еншісіне тиді, қола алқа Жәнібек Нәреновке бұйырды. 1-2-орын алған спортшылар қыркүйектің басында Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығын алды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

14 шілде 2021, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.