Атырауда өгей қызын оқтын-оқтын зорлап келді (қыз 6 жаста болғанда басталып, 13 жасқа жеткенде тоқтаған) деп айыпталған ер адамға қатысты сот ісі басталды. Бірақ, жапа шеккен тарап соттың әділ өтетініне сенбей, арнайы брифинг ұйымдастырды.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы бұрын күйеуде болған атыраулық әйелмен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Әйелдің бұрынғы некесінен үш баласы бар. Өгей әке жеті жыл бойына ең кіші қызды зорлап, "біреуге айтсаң, шешең екеуіңді өлтіремін" деп қорқытқан. Ащы шындық ерлі-зайыптылардың арасында жанжал көбейіп, ажырасуға бел буған кезде жарыққа шығады. Осы кезде қызы анасына бұл ұзақ жылдар ішінде не болғанын айтып береді. Анасы дереу полицияға арызданады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-тармағы бойынша («Жас балаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») қылмыстық іс қозғалып, арнайы сараптамалар тағайындалады. Бірақ күдікті көпке дейін қамауға алынбайды. Тек қоғамдық шу шыққаннан кейін ғана ол қамауға алынып, тергеу изоляторына тоғытылды.
– Қамауға алынғанға дейін Атырауда күн сайын қыз бен анасына қоқан-лоқы жасап, дыбыстық хабарлама жіберіп тұрды. Өгей әкесінің бостандықта жүргеніне 13 жасар қыздың әбден зәре-құты қашты. Осындай үрейлі күйде жүрген бала қорқынышты суреттер салды, – деді «НемолчиКз» қоғамдық қорының жетекшісі Дина ТАҢСӘРІ.
Биыл маусымда қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, іс Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотқа жолданды. Алайда жәбірленуші тарап соттың әділ өтетініне сенбейді.
– Кеше алғашқы сот отырысы өтті. Сотта судья іске қатысы жоқ сұрақтарды қойды. Айыпталушы жақ та негізсіз сұрақтар қойып еді, судья ол сұрақтарды алып тастамады. Біздің өтінішіміздің бәрін қанағаттандырмай тастады. Сондықтан бізде сот әділ шешім шығармайды деген күмән пайда болды, – деді жапа шегуші тараптың өкілі Төребала МҰҚЫШЕВ. Облыстық сот қазір сот процесі өтіп жатыр, ол аяқталмай ешқандай комментарий беру мүмкін емес деп хабарлады.
Фархат ӘБІЛОВ
Бейнежазбаны түсірген автор