Атырау, 4 мамыр 06:28
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

«Таубаев пен Басаровтың ісі»: адвокаттар түрмені үйқамаққа ауыстыруды сұрайды

3 052 просмотра

7 шілдеде ұзақ үзілістен кейін Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша сот процесі жалғасты. Естеріңізге салсақ, ол 11 маусымда Таубаев ауруханаға жатқызылып, ота жасалуына байланысты кейінге қалдырылған еді.

Процесс онлайн режимінде өтуде. Тергеу изоляторынан айыпталушылар Таубаев пен Басаров және олардың адвокаттары Нұрлан ЖОЛБОЛОВ, Игорь Вранчев, Мұратхан АМИТОВ, Тілек ХАМИТОВ, Гүлсара ҚАБЛАНБАЕВА және қорғаушылар, сонымен қатар жәбірленуші - ЖШС директорының орынбасары мен оның адвокаты Женни ЖҰМАЛИЕВА және айыптау тарапының өкілі прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ ZOOM бейнеконференциясы арқылы қосылды.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема ХАМИДУЛЛИНА отырысты бастамас бұрын Н.Таубаевтан жағдайын біліп, отырысқа қатыса аласыз ба, деп сұрады. Таубаев қатыса аламын деп жауап беріп, судьядан бүкіл қатысушылардың көзінше өз денсаулығын талқыламауды өтінді. Оны қорғаушысы-туған бауыры Асқар ТАУБАЕВ түзетіп:

- Сотталушы бұл туралы егжей-тегжейлі талқылаудың қажеті жоқ екенін айтқысы келді, - деді.

Бұған судья бұл сұрақтың кездейсоқ еместігін, сотталушы мен оның адвокаты Н.Жолболовтан қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгерту туралы өтініш түскенін айтты.

- Біз бұл өтінішті сот отырысында бәрімен бірге қарауымыз керек, - деді судья.

Содан кейін ол Атырау облысы прокурорының орынбасары Бауыржан ЖҰМАХАНОВТЫҢ сотталушы Таубаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер тарапынан емдеуші дәрігерлерге қысым көрсетілді деген өтініші бойынша тексеру жүргізу туралы 2021 жылғы 18 мамырдағы сот қаулысына берген жауабын оқыды. Жауапта тексеру нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер тарапынан заң бұзушылықтар анықталмағаны көрсетілген. Судья сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ішкі қауіпсіздік басқармасының жауабын оқыды. Онда қызметтік тергеу нәтижелері бойынша ешқандай заң бұзушылықтар анықталмағаны айтылған.

 

«ЖЕКЕ БАСҚА ӨТПЕҢІЗДЕР»

Сотталушы Таубаев тексеру материалдарымен танысқаннан кейін оған қатысты шағым түсіретінін айтты.

- Мен дәрігерлерден жауап алуды және беттестіруді сұрадым, олай жасалмады. Әуел бастан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлеріне шағымданатынымды мәлімдедім. Бірақ оларды өз қызметкерлері тексеріп жатыр. Мен бірден қауіпсіздік қызметіне сенбейтінімді айттым. Басынан бастап бұл істі Ішкі істер министрлігіне, ішкі істер департаментіне және арнайы прокуратураға беруді сұрадым. Сондықтан мұның бәрі түсінікті еді, - деді Таубаев. – Танысып шыққаннан кейін наразылық білдіріп, дәрігерлерді шақырамыз, сотта олармен әңгімелесу жазбаларын ұсынамыз, онда дәрігерлер маған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер тарапынан психологиялық қысым жасалғанын айтады. Мен кінәлілерді қылмыстық жауапқа тартуды талап ете беремін.

Адвокат Жолболовтың айтуынша, Таубаев қазір операциядан кейінгі оңалту кезеңінде. Ауруханадан шығарылды, бірақ емін алып жатыр. Таубаев отырыс барысында құтышаны көрсетіп, операциядан кейін осылай жүруге мәжбүр екенін айтты. Жолболов айтқандай, Таубаевтың денесіне өт шығатын түтік қойылып, ол құтышаны қолына ұстап жүруге мәжбүр екен. Ол судьяға:

- 6 мамырда менің қорғалушым іштің өткір ауырсынуымен ауруханаға жатқызылды, алайда 2021 жылы 11 мамырда себебін түсіндірместен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің талап етуімен ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Таубаев медицина қызметкерлерін қорқыту арқылы өзін толық емделместен ауруханадан шығаруға және түрмеге оралуға мәжбүр еткен қызметкерлерге қатысты шара алуды өтініп, сіздің атыңызға шағым жазды. Сіз тексеру туралы қаулы шығардыңыз, бірақ ол формалды тұрғыда орындалды. Бір айдан кейін, 8 маусымда Таубаев қайтадан қатты ауырып, ауруханаға түсіп, шұғыл ота жасалды. Облыстық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, жедел медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда менің қорғалушымның өт қабы жарылып, бұл өлімге әкелуі мүмкін екен.

Адвокаттар Игорь Вранчев пен Мұратхат Амитов та прокурорлық тексеру мен қызметтік тергеудің біржақты болғанын мәлімдеді. Мысалы, Таубаевтың өзінен жауап алынбаған. Бірақ прокурор оның өзі бас тартқанын айтты.

Таубаев:

- Мен бас тартқан жоқпын, бірақ бәрін сол күйінде жаздым, дәрігерлермен беттестіруді сұрадым. Прокурор бұл туралы тіпті білмейді. Бұл прокурор емес, балабақша.

Судья:

- Жеке басқа өтпеңіздер.

- Өткенім жоқ, бұл шынымен солай. Өз сөзім үшін жауап беремін, мені сотқа берсін.

Содан кейін Зарема Хамидуллина сот құзыретіне Таубаевтың шағымын сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркеу кірмейтіндігін түсіндірді.

- Сот сіздің шағымыңызды тергеуге жіберіп, нәтижесін алды. Сот істі тағылған айып шеңберінде қарайды. Сондықтан процесті жалғастырамыз, - деді судья.

 

«ОТБАСЫМ ОСЫНДА, ҚАЙДА ҚАШАМЫН»

... Бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы Жолболовтың өтінішін адвокаттар мен қорғаушылардың барлығы қолдады. Таубаевқа ауруына байланысты ем және ерекше күтім қажет, қатаң диета сақтау керек, деп санайды қорғаныс тарапы. Ал тергеу изоляторы жағдайында дер кезінде медициналық көмек көрсету мүмкін емес.

- Тергеу изоляторында берілетін тамақ дәрігерлер тағайындаған диетаға сай келмейді. Камерада адам көп, мұндай жағдайда дұрыс сауығып кетуі мүмкін емес. Қанға инфекция түсуі мүмкін, өйткені дренаж арқылы ішкі органдарға тіке түседі, ол жерге кез-келген инфекция түсуі мүмкін, - деді Жолболов.

Таубаев:

- Осы түтікпен тергеу изоляторында отыру қаншалықты қиын екенін білесіз бе? Кеше үш сағат бойы жарық болған жоқ, аптап ыстық туралы айтпай-ақ қояйын. Ештеңе көрінбейді, бәрі құлай береді. Көршілер алдында ыңғайсыз. Төгіліп қалады, құлап кетеді. 

Судья:

- Неліктен сізді ауруханадан түтікпен шығарды? Солай бола ма?

Таубаев:

- Құрметті сот, мен бұл отырыстың тезірек өткенін қалаймын. Бәрі мені аурумын деп «ойнап жүр» деп ойлады, мұның бәрі осыған әкелді. Бірақ ең бастысы – тергеу абақтысында тиісті күтім жоқ екенін түсініңіз.

Судья қорғаушы тарапты тыңдап болған соң прокурордан бұлтартпау шарасын өзгерту туралы пікірін сұрады. Нұржан Жангереев «қамаудағы» бұлтартпау шарасын екі себеппен қалдыруды сұрады: біріншіден, Таубаев жасырынуы мүмкін және жәбірленушіге қысым көрсетуі мүмкін; екіншіден, үйқамақ Таубаевтың үйінің периметріне күзет немесе қарауыл қызметін қоюды білдіреді, ал бұл белгілі бір бюджет шығындары. Бұған адвокат М.Амитов кепіл ретінде қаржылық шығындарды беруге дайын екенін айтты. Таубаев эмоциямен:

- Иә, менің төлқұжатымды алып қойсын, отбасым осы жерде, мен қайда қашамын? - деді.

Бүкіл тараптың пікірін тыңдап болған соң судья тергеу изоляторында ұстау жағдайы, сондай-ақ, Таубаевтың емдеуші дәрігері туралы ақпаратты сұрайтынын, осыдан кейін ғана адвокат Жолболовтың өтініші бойынша шешім шығаратынын айтты.

Айта кету керек, отырысқа қатысқан екінші сотталушы - облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Тимур БАСАРОВ айыптау тарапының пікірінше, Таубаев бірге әрекет еткен – ол бүкіл уақыт бойы бір ауыз сөз айтпады және ол туралы ештеңе айтылмады.

Айнұр САПАРОВА

9 шілде 2021, 16:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.