Атырау, 11 қазан 07:25
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

​Редактор қоржынынан: Ғайып болған мэр туралы іс

2 812 просмотра

Хатроу-сити аптап ыстықтан еріп, Уайт-Риверге ағып бара жатқандай. Жағалауға шыққан тұрғындардың арасынан өту мүмкін емес. Маусымның жаңалығы – су көрмеген хатроулықтар үшін Техас штатының кәсіпкер азаматтары ашқан жаңа аквапарк.

Репортер Мэлс Эвангардски бассейн жанындағы ресепшнде кідіріп қалған досы Джим Сексоттерді күтіп, күнге қыздырынып жатты.

- Мэлс, сен мынаны көрдің бе? – деді де күлімдеген Джим мыжылған қағазды үстелге лақтыра салды. Онда қала мәрінің портреті тұр және «Wanted dead or alive» деп жазылған.

- Осы да жаңалық па? Қала қараусыз қалғанына қарағанда, оны ұзақ іздеп жүр әрі еш нәтиже жоқ, - деп күлді Эвангардски. - Оны өзге ғаламшарлықтар әлде, мүмкін,  жергілікті «Гринпис» белсенділері ұрлап әкеткен болар?

- Ешқашан ойыңызға келмес еді, - деп жауап берді Секскоттер. – Мәселе күрделі. Олар мэр уақыт кеңістігі тоннелін тауып алып, Вальгалла сарайына Один ашымағын ішуге жасырын барып жүр дейді. Қалай болғанда да, бұл оның соңғы екі айда үшінші рет жоқ болып кетуі. Соңғы рет оның өз қызмет кабинетінен тоннельге тікелей түсіп кеткенін көргендер бар мэрияда. Кейін хатшыға: «Одиндемін. Шипа іздеп кеттім» деп, түсініксіз sms жіберген. Штат губернаторы Мучачо Дос Сантос өзіне бағынышты қызметкерді іздеп табудан күдерін үзіп, арасында жоқ болып кететіні үшін сырттай қызметінен босатып, өзінің орынбасары Кай О'Бенонды Хатроу-Сити мэрі етіп бекітуді сұрап, The White House-ге жеделхат жіберіпті. Алайда, ол өтініші қанағаттандырылған жоқ.

- Мүмкін, өтінішхат дұрыс жазылмаған шығар?

- Түсінесің бе, Хатроу - күрделі штат, кадр мәселесі атүсті шешілмейді. Губернатордың өзі оны бір жылдан астам уақыт бұрын мэр етіп тағайындады, енді оны орнынан алып тастау үшін маңызды дәлел керек - не есі ауысқан деген медициналық куәландыру немесе шенеуніктің өз арызы болу керек. Немесе мұндай мәселелерді президент әкімшілігімен тікелей шеше алатын саяси беделді болу керек.

- Дос Сантостың кадр таңдауда жолы болмады. Алдымен Монтенегро, енді арасында орнын сипатып кететін мына мэр... , - дейді  Эвангардски.

- Айтпақшы, Риччи Монтенегро туралы. Ол әлі де сүттен ақ, судан таза болып шығуға үміттенеді. Ол науқастанып жатқанда, оның адамдары Жоғарғы Сот заңгерлерінің тамырын басып көрді. Әрине, «орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, бір-екі миллион жасыл қағаздың көмегімен дейді. Олар бас тартты деседі – бұл іс жақсылыққа апармайды. Қалай болғанда да, олар бұл жағдайда жемқорлық қылмысын әдеттегі алаяқтыққа айналдырғысы келеді, оның жазасы да әлдеқайда жеңіл. Ол жерде заңды орағытып өтетін бір ілік бар. Оның үстіне сыбайласы - жергілікті құрылыс министрлігіндегі жоғары шекпенді – егер ол отбасын өмір бойы қамтамасыз етсе, бәрін өз мойнына алып, жазаны өтеуге келіскен. Енді не боларын көре жатармыз...

Қорғаныс маскасын тағып, онсыз да тұншығып  отырған Мэлс оны шешіп тастады да:

- Джимми, кеттік, бассейнге секіріп, мынаның бәрінен салқындап алайық, - деді.

(Хатроу Сити мен Атырауда болған оқиғалардың сәйкес келуі кездейсоқ деп санау керек)

8 шілде 2021, 11:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.