Атырау, 19 мамыр 18:39
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Нәрестенің өлімі туралы іс»: адвокаттар атышулы аудиожазбаның шынайылығына күмәнданады

4 245 просмотра

3 шілдеде Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы облыстық перинаталды орталықтың сотталған дәрігерлеріне қатысты шағымды қарауды жалғастырды.

Адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ процеске қосылды, ол бірінші сатыдағы сотта қылмыстық іс материалындағы негізгі дәлелдердің бірі ретінде ұсынылған атышулы аудиожазбаның шынайылығын анықтау үшін сараптама жүргізуді өтінді.

Бұл аудиожазбада сотталған дәрігер - облыстық перинаталды орталықтың бұрынғы директоры Қуаныш НЫСАНБАЕВ жаңа туған тірі нәрестені тоңазытқыштың мұздатқыш камерасына салуға нұсқау береді. 

Еске салсақ, Қуаныш Нысанбаевтың адвокаттарының бірі Нұрлан Жолболов бұл жанжалды іске екінші сатыдағы сотта қосылды. 

Кеше қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Тәтті УӘЛИЕВА сот процесі түгелдей онлайн режимінде өтетінін мәлімдеді. Бірақ өз өтінішхаты мен оған негіздемені оқуды жалғастырған Н.Жолболовтың өтініші бойынша сот алқасының төрағасы тек бүгін оған сот залына қатысуға рұқсат берді. Қалған қатысушылар - прокурор Лаура САМАТОВА, адвокаттар Аслан ЖОЛБОЛОВ, Жамбыл МҰҚАШЕВ, Төлеген БАЙТЕНОВ, Бақберген АЙТМАМБЕТОВ, Талғат МҰҚАТАНОВ, Жанар МОЛДАШЕВА, сотталушылардың қорғаушылары, перинаталды орталықтың сотталған дәрігерлерінің өздері - неонатолог дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАНБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА, жәбірленуші Роза МОЛДАҒАЛИЕВА ZOOM бейнебайланысы арқылы қосылды. Сотталушылар Қуаныш Нысанбаев, Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА және Асқар ҚАЙЫРЖАН тергеу изоляторынан қосылды. Негізгі жәбірленуші Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВА отбасына қатысты себеппен сот отырысына қатыспайды. Қорғаушы тараптан туындаған сұраққа сот алқасының төрағасы апелляциялық шағымды қарауға қатысуға немесе қатыспауға жәбірленушінің өзі таңдау жасайды деп тағы да түсіндірді.

Бұл жолы байланыс мұқият тексеріліп, бәрі дерлік жақсы естілді.

Н.Жолболов аудиожазбаны тексеруді талап етіп, мынадай дәйекті алға тартты:

- Бұл 1 минут 20 секундқа созылған әңгіме. Ал кейінірек интернетте таралған іс материалындағы аудиожазбаның ұзақтығы 2 минут 52 секунд. Сондықтан осы жазбаның монтаждалуына қатысты сараптама жүргізуді талап етеміз. Қанша рет көшірілгенін - көлемін көру үшін қайта жазу хаттамасын беріңіздер, бәлкім, біреу флэшканы ауыстырған шығар, - деді ол. 

Сондай-ақ, Нұрлан Жолболов нәрестенің анасы Тұрымбетова мен оның әкесінен қан үлгілері бойынша молекулалық-генетикалық сараптама жүргізуді; тоңазытқыштың мұздатқыш камерасындағы температураны анықтау үшін сараптама тағайындау және  қайталама дәрігерлік сот-медициналық сараптама тағайындауды өтінді.

- Мұздатқыш камерасында неше градус болды? Егер сот-медициналық сараптама құжаттарында көрсетілгендей температура төмен болса, онда олар қайтыс болғаннан кейін қанша уақыт өткенін, сол сәтте тоңазытқышта қанша градус болғанын және нәресте өлгенге дейін оның денесіне суықтың әсерін дәл анықтау керек еді, - деді Жолболов.

Ол да, Айтмамбетов те нәрестенің денесінде суықтың ізі жоқ деген оралдық маманның сөзін айтты.

- Ал ол тоңазытқыштың мұздатқышына салынған, осы сәтті ескеруіңізді өтінемін, - деп нақтылады Айтмамбетов.

Бұдан басқа, Жолболов адвокаттың өтініші бойынша жүргізілген төрт сот-медициналық сараптаманы қылмыстық іске тіркеу туралы, сондай-ақ екі маман дәрігер Кан мен Нұрғалиевтан сотта сарапшы-куәгер ретінде жауап алу туралы өтініш білдірді. Алайда сот алқасының төрайымы Тәтті Уәлиева қазіргі кезде процесс өтініштерді қарау сатысында екенін және Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сәйкес, мамандардан жауап алу сот тергеуі қайта басталған кезде ғана мүмкін болатынын, соған сәйкес, олардың қатысуы да тек сол кезде шешілетінін түсіндірді.

Нұрлан Жолболовтың әріптестері, сондай-ақ сотталған дәрігерлер мен олардың қорғаушылары оның барлық өтінішін қолдады. 

Істі қарау жалғасады. Келесі отырыс 19 шілдеге жоспарланған. 

Айнұр САПАРОВА

4 шілде 2021, 16:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.