Атырау, 18 мамыр 21:07
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Атырауда 43 сынаманың 18-інде "дельта" штаммы анықталды

2 862 просмотра

Атырау облысында коронавирустың жаңа «дельта» штаммы бар науқастар анықталды. Бұл туралы Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет ТАНАУОВ онлайн-брифинг барысында ресми түрде мәлімдеді.

- Соңғы тәулікте індетті жұқтырған 103 жаңа жағдай тіркелді, ал сағат 16-ға дейін бұл көрсеткіш 137-ге дейін өсті. Тексеруге 43 сынама жіберілді, оның 18-інен «дельта» штаммы анықталды. Бұл штаммның айырмашылығы, ол 2 есе қарқынмен жұғады, ауру жұқтырған адам байланысқан адамның бәріне жұқтырады, оның инкубациялық кезеңі қысқа және ауыр өтеді, - деп атап өтті М.Танауов. 

Жағдай өте күрделі, осыған байланысты ол түрлі іс-шаралар өткізуді және оған баруды тоқтатуға шақырды. «Жақында ғана мониторинг тобы қатаң тыйым салынғанына қарамастан өткізіліп жатқан 74 іс-шараны анықтады. Біз былтыр осы уақытта не болғанын тез ұмытып кеттік, жақындарымыздан айырылғанымызды да тез ұмыттық. Аурудан қорғанудың жалғыз тиімді жолы - қауіпсіздік ережелерін сақтау және вакцина алу». 

Оны облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА қолдады. 

- Былтыр жазда көпшілігіміз ет жақындарымыздан айырылдық, бұған да бір жыл болып қалды. Адамдар мұсылмандық әдет-ғұрып бойынша бір жылдық қадесін өткізгісі келеді. «Ұят болады» деп, дәстүр ұстанбай, басқа туысымызды жоғалтып алмауды ойланайық. Міндетті түрде вакцина ектіру керек. Бізде 197 мектеп, 24 кәсіптік-технкалық білім беру мекемесі, 3 жоғары оқу орны бар. Мектептердің өзінде 150 мыңға жуық оқушы бар. Оларды 1 қыркүйекте мектепке қабылдау үшін ұстаздар вакцина ектіруі керек. Бұл өз денсаулығы мен оқушылардың денсаулығын сақтау үшін керек. Оның үстіне, «дельта» штаммы бұрынғыдан да қорқынышты, аурудың 90%-ында ауру белгілері болады. Ауру жұқтырғандардың іші ауырады, құлағы бітеліп қалады, - деді Б.Хаменова.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Қайсар АБДАЛИЕВ 10 күн бұрын Атыраудағы модульді инфекциялық аурухана 40 пайызға, ал қазір 90 пайызға толғанын айтты. Жансақтау бөлімінде 24 пациент жатыр, оның 20-сының жағдайы ауыр, ал 4-еуінің жағдайы өте ауыр. 20 пациенттің 4-еуі ИВЛ аппаратына қосылған. Соңғы үш күнде аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 35,9% -ға артты. Бүгінде өңірде 2098 кереуеттік 10 инфекциялық стационар дайындалған. Оның ішінде Атырау қаласында 460 кереуеттік 3 стационар, Теңіз кен орнында 1360 орындық стационар және 7 ауданда 278 кереуеттік стационарлар жұмыс істейді. Оның ішінде, реанимациялық кереует саны - 81. Облыстың жұқпалы аурулар стационарларында 437 науқас ем алуда. Бұдан басқа, пандемияның жаңа толқыны пайда болған жағдайда облыста 750 кереуеттік резервтік жұқпалы аурулар стационары дайындалды. 

- Дельта штаммы бар барлық науқас бақылауға алынған. Бұл штамм өте қауіпті, ол егде жастағы адамдарға да, жастарға да, балалар мен жасөспірімдерге де тез жұғады. Науқастардың арасында жастар да, 18 жасқа дейінгі балалар да бар, - дейді Қ.Абдалиев. 

Бұл жағдайда балаларды вакциналауға бола ма деген сұраққа жауап бере отырып, ол қазір вакцина жасаушы компаниялар 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналауға болатын препараттарды сынақтан өткізіп жатқанын және «Pfizer» компаниясы одан әрі дамып, 6 айдан 12 жасқа дейінгі балаларды вакциналауға арналған препарат жасап жатқанын, бірақ әзірге тек 18 жастан бастап ересек пациенттер ғана вакцина алып жатқанын атап өтті. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 шілде 2021, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.