Атырау, 18 мамыр 21:52
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Нәрестенің өлімі туралы іс»: сотталған дәрігерлер мен олардың адвокаттары соттан тергеуді қайта жүргізуді сұрайды

3 091 просмотра

2 шілдеде Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы облыстық перинаталды орталықтың сотталған дәрігерлерінің ісі бойынша  шағым қарауды жалғастырды.

Сот өтініштерді қараудан басталды. «АЖ» тілшісі WhatsApp мессенджеріндегі бейнеконференция арқылы процеске қосылды. Бірақ, өкінішке орай, техникалық себептерге байланысты кейбір қатысушылардың сөздері анық естілмеді. 

Сот отырысына перинаталды орталықтың сотталған қызметкерлері – дәрігер-неонатологтар Руслан НҰРМҰХАНБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА, сондай-ақ адвокаттар Бақберген АЙТМАМБЕТОВ пен Талғат МҰҚАТАНОВ қашықтан қатысты. Соттың қалған қатысушылары - сотталушылар Қуаныш НЫСАНБАЕВ, Асқар ҚАЙЫРЖАН, Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА, сондай-ақ олардың адвокаттары Жамбыл МҰҚАШЕВ, Аслан ЖОЛБОЛОВ және басқалар сот залында болды. 

Адвокаттар Жамбыл Мұқашев пен Аслан Жолболов тағы да сот-медициналық сараптамалардың: Батыс Қазақстан облысы бойынша сот сараптама институтының бастапқы сараптамасы және Қарағандыда жүргізілген екінші комиссиялық сараптама қорытындыларының объективтілігіне күмән келтірді. 

Бұдан бұрын бірінші сатыдағы сотта олар кейбір сәйкессіздіктер туралы әлденеше рет мәлімдеп, сараптамаға жіберген кезде жәбірленуші Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВАНЫҢ нәрестесінің мәйіті ауысқан болуы мүмкін деген қорытындыға келген еді.

Екінші сатыдағы сотта адвокат Мұқашев зерттеу объектісі іс жүзінде Тұрымбетованың нәрестесінің мәйіті екенін анықтау мақсатында молекулалық-генетикалық сараптама тағайындау туралы, содан кейін келесі өтініште сот-медициналық сараптаманы қайта тағайындау туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ, адвокат сотта зерттеу үшін ҚР Сот-медициналық сараптама орталығы Батыс Қазақстан филиалының сотмедсарапшысы Төлеген ҚҰЛШЫҚОВТАН бастапқы сараптама құжаттарын және перинаталды орталық дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Қазбек ЕРМАҒАМБЕТОВТАН лауазымдық нұсқаулықты ұсынуды сұрады.

Ал соңғы өтініш сот тергеуін қайта бастау туралы болды. Бұған негіз ретінде Мұқашев мынаны айтты: Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел уәкілі Тасмағамбетов Оралға нәрестенің мәйітін ешқандай растайтын құжаттарсыз сараптамаға жеткізді; бұдан бұрын сотта жауап алу кезінде сотмедсарапшы Құлшықов нәрестенің ұрықжолдасы болмағанын, ал гистолог Нұрғалиева ұрықжолдасын тексергенін айтты. «Бұл қайдан келді?» - дейді адвокат. Сондай-ақ, ол Оралға мәйітті тасымалдаудың ерекше жағдайлары сақталмай, мысалы, мұз салынбай мәйіттің алты сағат ішінде сараптамаға жеткізілгенін айтты. Оның пікірінше, бұл мәйіттің аутолизіне және өлі нәресте денесінің тіндері мен жасушаларының ыдырай бастауына әкеліп, бұл биологиялық материалдарды объективті зерттеуге кедергі келтірген.

Соттың басқа қатысушылары да сот тергеуін қайта жүргізу туралы өтініш білдірді.

Өз кезегінде, сотталған Қуаныш Нысанбаев сот тергеуін қайта бастаумен қатар, барлық сараптамалардағы дәлелдің күшін жою туралы және өзіне қатысты істі тоқтату туралы өтініш білдірді. Өйткені қылмыстық қудалауды заңсыз деп санайды.

Атап айтқанда, ол өзінен жауап алынбағанын және оның куәгерлермен беттестіру туралы өтініші сотқа дейінгі тергеу барысында ескерілмегенін айтты. 

Адвокат Аслан Жолболов әріптесі Мұқашевты қолдап, қайтадан сараптама жүргізуді өтінді. Ол Айтмұратованың сәбиінің мәйіті туралы әлі күнге дейін ештеңе белгісіз екенін мәлімдеді (толығырақ мына жерде). Ол әрі қарай неліктен Тұрымбетованың нәрестесінің мәйітіне қайта сараптама жүргізуді өтініп отырғанын түсіндірді. 

- Тексеру кезінде салмағы 810 грамм болатын нәрестенің өкпесінде және бронхында меконий бар екені анықталды. Бауырдың салмағы 200 грамм болды - бұл адам салмағының төрттен бірі. Бұл патология емес пе? Жүрек бірнеше есе үлкейген, органдар айнадағыдай орналасқан. Шарананың жүрек соғысы сағат 11-де тоқтады, анасы тыныс алуда, шарана тыныс алмайды. Сағат 13.35-те Тұрымбетова сәбиін ұрықжолдасымен бірге босанады. Бірақ алты сағат бойы балада ешқандай физиологиялық процес болған жоқ: ол айқайлап, жылап, тамақ ішіп, ішегін босатуы керек еді. Міне, осының бәрі жоқ, істің ешбір жерінен таба алмайсыз, - деді Жолболов.

Процестің жалғасы 3 шілдеге жоспарланды. 

Айнұр САПАРОВА

3 шілде 2021, 10:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.