Атырау, 11 қазан 09:25
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Міндетті вакциналау: қолдаушылар мен наразылар

Сурет Бейнежазба
3 654 просмотра

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН үкімет отырысында еңбек ұжымдарында міндетті вакциналау енгізуді ұсынды. Ол әсіресе «қызыл» аймақта орналасқан облыстарда, соның ішінде Атырауда вакциналау қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті.

Жаңа ережелер вакциналауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ қызмет көрсету саласының жұмысшыларына және ұйымдасқан ірі ұжым қызметкерлеріне қатысты болады. Вакциналаудан бас тартқандар әр апта сайын ПТР-тестілеуден өтуі керек. Міндетті вакциналау адам құқығын бұзбай ма - бұл даулы мәселе. Шындығында, алдымызға қатаң таңдау қойып отыр: вакцина алу немесе жұмыстан шығу.

«AЖ» сауалнама жүргізді: біздің респонденттер бұл таңдауды қалай шешеді екен, екпе ала ма, әлде жұмыстан шығуды қалайды ма?

- Бұл адам құқығын бұзу. Адамға таңдау жасату, мекемеге қарсы, бүкіл ұжымға қарсы шығу өте қиын. Оның пайдасы жоқ. Әзірге жұмыссызбын, бұл мәселе мен үшін онша өзекті емес, дегенмен, вакцина алмаса, жүріп-тұру еркіндігі айтарлықтай шектеледі. Вакцинасыз ешқайда шыға алмайсың. Егер жұмысқа кірсем, мүмкін, шара қолданармын, келіспеушілік білдіріп, өз құқығымды қорғауға тырысамын, - дейді Сәния.

Студент Дильназ, керісінше, вакциналау пунктіне вакцина алу үшін келген.

- Вакцина алу ерікті болуы керек деп ойлаймын. Мен өзім вакцина алуды шештім, өйткені тек осылай ғана біз ұжымдық иммунитет жасап, вирусты бәріміз бірге жеңе аламыз.

64 жастағы Мұрат аға қоқан-лоқы жасау керек емес, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп санайды.

- Неліктен екпе алмаған адамдар жұмыстан шығарылады? Егер менің алдыма осындай таңдау қойылса, мені жұмыстан шығарсын. Облыс әкімі егілетіндерге ақша беруге уәде етті. Бұл қандай мақсатта жасалып отыр, ақша қай бюджеттен бөлініп отыр? Қазір бізде барлық жерде қымбатшылық, азық-түлік, киім-кешек, қызметтер бағасы шарықтап кетті. Мемлекет халықты қанап отыр - салық, бағалар, бізді мессенджерлер арқылы түрлі видеолармен қорқытады, кейбір адамдар екпе алмаса, өліп кетуі мүмкін деп қорқытады, енді бірінде керісінше. Дұрыстап түсіндіру керек қой.

- Екпе алу керек, оны жұмыс беруші қалағандықтан емес, өзі үшін, өз отбасының қауіпсіздігі үшін жасау керек. Оның үстіне, ауру жұқтырғандар саны үнемі өсіп отыр, вирус мутацияға ұшырауда. Мен араб вакцинасын таңдадым, өйткені өзім діндар адаммын, - дейді 54 жастағы Сәбит.

Қала тұрғыны Александр көршілерінің бәрі ұзақ уақыт қатты ауырған соң вакцина алуды ұйғарған. Бір көршісі, тіпті, қайтыс болған. Әйелі вакцина салдырған, енді Александр салдырмақшы.

Құрманғазылық Айгерім мен Айша бұрын көрші Ресейге түрлі шаруамен жиі барады екен. Сондықтан жұмыс беруші болмаса да, өмірдің өзі оларға таңдау ұсынды. Сөйтіп, вакцина ектіруге тура келген. Олар жақында вакцинаның екінші компонентін ектіріп, шекараның ашылуын күтуде. 

- «Pfizer» вакцинасын елге әкелмейінше вакцина алмаймын. Басқа өндірушілерге сенбеймін. Міндетті вакциналауға келетін болсақ, мұның заңсыз екеніне сенімдімін. Біздің құқық қорғаушылар қазақстандықтардың ерікті иммундау құқығын қорғай алады деп үміттенемін. Егер жұмыста мәжбүрлеп салдыртса, вакциналау паспортын сатып алатын шығармын. Әзірге қай жерде екенін білмеймін, бірақ мессенджерлерден бе, әлде әлеуметтік желіден бе, жарнама көрген сияқтымын, - деп мойындаған Айбек өзін суретке түсірмеуді өтінді.

- Зейнеткерлікке шығуыма бірер ай ғана қалды, екпе алмаймын, шынын айтсам, өзім медик болсам да қорқамын. Жыл басынан бері ПТР сынамасын сегіз рет тапсырған шығармын: еңбек демалысынан, сырқаттанғаннан кейін, іссапардан шыққаннан соң, - дейді Жамал апа.

Мен вакциналауға қарсы дәлелдерін білуге тырысқаныммен, ол «Айтқым келмейді!» деп, ақыры ештеңе айтпады.

Осы арада мен әріптестеріммен бірге екпе алдым. Вакциналау пунктінде қанымыздағы оттегі деңгейін пульсоксиметрмен өлшеп, қан қысымын өлшеп, созылмалы аурулар, аллергиялық реакциялардың бар-жоғын сұрады.

Біз ЖСН, мекен-жайы, телефон нөмірін көрсете отырып, пациент сауалнамасын толтырып, екпе алғымыз келетін препаратты көрсеттік. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВТІҢ кеңесімен араб-қытай «Hayat-Vax» препаратын таңдадық, әсіресе ол созылмалы аурулары бар пациенттерге қолайлы.

Атыраудағы сауда үйлерінің бірінде вакциналау пункті ашылған, №5 емхана қызметкерлерінің айтуынша, қазір олар әдеттегіше жұмыс істейді. Жақында оларға көп пациентті - вакцинаның екінші компонентін күткендерді қабылдауға тура келген.

- Препаратқа сертификаттың болмауына байланысты біз вакцинаның екінші компонентін егуді тек 16 маусымда - қажетті құжаттар келгеннен кейін бастадық. Күніне 100 адамдай келеді, көпшілігі екінші компонентті алатындар. Соңғы кезде жағдай тұрақталды, енді күніне тағы 15-50 адамнан егіп жатырмыз. Пациенттердің үш вакцинаның бірін таңдауға мүмкіндігі бар - ресейлік «Спутник V», қытайлық «CoronaVac» немесе арабтың «Hayat-Vax» препаратын, - дейді №5 емхананың статист дәрігері Айдана ҚИСМЕТОВА.

Негізінен көп адам «Спутник V» және «Hayat-Vax» препараттарын салдырғанды жөн көреді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

1 маусым 2021, 09:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.