Атырау, 11 қазан 11:26
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Атырауда «Medialitfest 2021» фестивалі өтті

2 659 просмотра

26 маусымда Атырау қаласының тұрғындары үшін медиа сауаттылық бойынша «Medialitfest 2021» онлайн-фестивалі өтті. Заманауи адам үшін медиа сауаттылық дегеніміз не? Бұл туралы медиа-тренерлер, журналистер және басқа да мамандар әңгімеледі.

Медиа-технологиялар қарқынды дамыған заманда адамға үлкен ақпарат ағынымен жүру қиынға соғады. Біз минут сайын жаңалықтарды әлеуметтік желі, мессенджерлер және т.б. арқылы алып отырамыз. Оны қалай игеруге болады? Бұл ағынға батып кетпей, ақпараттық «қоқыстан» қалай сақтануға болады?

Құқықтық медиа-орталық жетекшісі, медиатренер, журналист Диана ОКРЕМОВА әлеуметтік желідегі өшпенділік пен төзімсіздік тақырыбын қозғады. Ол сондай-ақ осы саладағы қазақстандық заңнамаға және құқық қолдану тәжірибесіне тоқталды.

Интернетте таралатын ақпараттың құқықтық жауапкершілігі туралы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Нұрбақыт ДАЙРАБАЕВА айтып берді.

Фестивальдің басқа сессиялары «Ақпараттық арандатуларға қалай қарсы тұруға болады», «Психология тұрғысынан медиагигиена» (спикер - медиатренер, психолог Сәуле ФАЙЗУЛЛИНА), «Кәсіпкер инфодемияға қалай берілмеуі керек» (спикер - медиатренер, журналист Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА), «Скринлайф: біздің өміріміз кинода қалай бейнеленеді» (спикер - медиатренер, журналист, режиссер Қарлыға ХАСЕН), «Сторителлинг: оқиғаны қызықты етіп баяндау құпиясы» («АЖ» тілшісі Айнұр САПАРОВА) тақырыбына арналды.

Мәдени-сауық бағдарламасы аясында хореограф әрі Қазақстандағы және Орталық Азиядағы жалғыз үнді классикалық би орталығының директоры Ақмарал ҚАЙНАЗАРОВА қатысушыларға қазақ халық биінің құпияларын ашты.

Іс-шара соңында қызықты ойын форматында қатысушылардың білімі тексеріліп, жеңімпаздар анықталды.

«Medialitfest 2021» фестивалі Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өтті және оны Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауымен Internews жүзеге асырады.

Бұдан бұрын осындай медиафестивальдар Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларында өткізілді.

Айнұр САПАРОВА

30 маусым 2021, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.