Атырау, 11 қазан 11:18
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

«Жерді бермейміз!»: Елтай ауылының тұрғындары жергілікті билікке талап қойды

Бейнежазба
3 831 просмотра

Индер ауданы Елтай ауылында жайылымдық жерлерге қатысты тағы бір дау туындады. Ауыл тұрғындары шенеуніктерден олардың келісімінсіз жеке меншікке берілген жерлерді қайтаруды талап етті. 22 маусымда елтайлықтар жоңышқа өсірушіге ауыл маңынан 20 гектар жер берілгенге наразылық танытып, мәдениет үйінің алдына жиналды.

Бұдан бұрын Елтай тұрғындары аудан әкімі Мейірім ҚАЛАУИДЫҢ атына арыз хат түсірген болатын. Жиналған ауыл тұрғындары аудан әкімі бой көрсетер деп біраз күтті, бірақ оның орнына орынбасары Салауат ӨТЕҒҰЛ келді.

«Ауыл маңынан жер берілмейді деп уәде еткен осы әкім орынбасары емес пе» дескен жұртшылық билік соңынан ауылдың мәдениет үйіне бас сұқты.

- Сіздер белсенділік танытып, жерге байланысты жиі кездесіп тұратын болдық. Ол жақсылық болар деп ойлаймын, - деп сөзін бастады С.Өтеғұл. - Аудан әкімі 20 гектар жерді бермес бұрын осы ауылда кездесу өткізіп, нәтижесінде жер берілген болатын. Енді сіздер наразылық білдіріп отырсыздар, тыңдайық деп келіп отырмыз.

- Аудан әкімімен болған жиналысқа осы адамдар түгел қатысып па еді, біз естімедік те қой. Өзіміз жерге жарымай отырғанда оған келісім беретін бе едік? – деді елтайлықтар.

- Ағай сіз қатысып едіңіз ғой, - деді округ әкімі Олжас ХАСАНОВ бір қарияға бұрылып. Ақсақал шенеуніктермен кездесу болғанын есіне түсіре алмады.

- Шешімді жалғыз өзім қабылдамаймын. Жасыратыны жоқ, «Бағырлай» каналының айналасындағы көп жер кезінде беріліп кеткен, оны біз қайтара алмаймыз. Егер жұмыс жасамай бос тұрған болса, заңдылыққа орай қайтаруға мүмкіндік бар, - деді С.Өтеғұл.

Тұрғындардың айтуынша, ауылда үш отардай қой-ешкі бар. Негізі округ бойынша 65 шаруа қожалығы болса, оның 15 шақтысы егістікпен айналысады. Соңғы жылдары мал жаятын жер де тарылып барады, өйткені іргедегі «Бағырлай» каналанының бойын жеке кәсіпкерлер иемденуде. Ал ауылдың келесі бетіндегі тоғайлықты қоршап тастаған.

- Ауыл қалай күн көріп отыр деп ойлайсыздар? Жұмыс жоқ көбінде, осы малдың арқасында тіршілік етіп отыр. Ауыл тұрғындарының малы қайда жайылады деп бас қатырғандар бар ма? «Бағырлай» каналының бойын кәсіпкерлер жайлап болды, егін өсіреміз деп алады да мал ұстайды. Осының заңдылығын тексеріп отырған адам бар ма? Ауыл шаруашылығы министрі ауылдан 8 км дейін жер берілмейді деді. Қарапайым халықтың жайын кім ойлайды? -деді Тоғайбай ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ, Ержан ҚОҢҚАШЕВ және Нұрымғали ІЗМАҒАНБЕТОВ.

Тұрғындар наурыз айында кездесуде шенеуніктер ауылға жақын жерді бермейміз деп уәде бергендерін еске түсірді. 

- Сіздер жер бергенде жергілікті халықпен ақылдасып отырған жоқсыздар. Жерді беріп аласыздар, сосын шу шыққасын кері қайтарып аласыздар. Жер кодексінің заңдылығын осылай ұстану керек пе? - деді Ораз ЖӘМИЕВ, Қадірбек ДІЛМАҒАНБЕТОВ, Елеу ҚАУАШЕВ.

- Бұл тек әкімдіктің шешетін нәрсесі емес, комиссия бар талқылайтын, сосын барып әкім шешім шығарады, - деді С. Өтеғұл, елтайлықтардың талабын әкімге жеткізуге уәде беріп.

- Мен барып айтам деген не сөз, ауданнан шешіледі деп отырсыз. Шешетін адам неге келмейді осы жерге, халықтың арасына? – деп сұрады ауыл тұрғындары.

Біраз дауласып, өздерінің реніштерін айтқан көпшілік жоңышқа өсірушілердің жайын шешіп беруді талап етті.

- Тоқ етері, жер берілмейді, бермейміз де! Елтай халқының малына қажетті жерді анықтап беріңдер, өйткені «Атырау-Орал» трассасының бойына жайылады кейде. Ал жүргізуші бір лақты басып кетсе де біз жауаптымыз. Сондықтан жерді, суатымызды белгілеп беріңіздер. Көрші Аққала ауылын қосқанда 2 мыңға жуық қой каналдағы суатқа құлайды. «Бағырлай» каналының бойын тазартыңдар, жерді босатсын. Халық талабы осы. Жерді алып, түк жасамай отырғандардан жер қайтарылып алынсын, - деп ультиматум қойды көпшілік.

Біраз уақыттан кейін халықтың талабына орай, жоңышқа өсірушіге басқа жерден берілетін болып шешілді.                

Еске салсақ, осы жылдың наурызында Елтай ауылының тұрғындары «Көктөбе» учаскесінен жеке кәсіпкерге ауыл шаруашылығы мақсатында 800 гектар жер беруге қарсы шығып, ақыры талаптарын орындатқан болатын.

Сондай-ақ, осы округке қарасты Аққала ауылының тұрғындары да «Eco Technikcs» ЖШС-не қосымша жер беруге де келісімге келген жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

30 маусым 2021, 12:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.