Атырау, 11 қазан 11:21
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Есбол ауылында таксистер мен жолаушылар арасындағы жанжал қалай шешілді

Бейнежазба
2 792 просмотра

Индер ауданы Есбол ауылының наразы тұрғындары жиында қалаға қатынайтын таксидің жолақысы қымбаттағанына қарсы шықты.

Есболдан Атырау қаласына дейін бір адамға жолақы 2500 теңгеге дейін күрт көтерілген. Бірден 500-800 теңгеге бағаның өсуі жұртшылық арасында кәдімгідей қобалжу туғызды. Оның үстіне таксистер бағаны түсірмей, бір апта бойы тапсырысшылардан бас тартып, тасымалды тоқтатып тастаған. Көрші ауылдың таксистері төмен бағамен адамдарды тасуға келіскен. Наразылықтың соңы жанжалдасуға ұласа жаздады дейді тұрғындар.

- Бұдан бір жыл бұрын балам ауырып, Атырауға жиі қатынауға тура келді. Ол кезде 1300-1500 теңге шамасында еді. Қалаға маманданған дәрігер, дәріхана болмағасын еріксіз баруға тура келеді. Қазір бәрі қымбатсып жатыр, халықпен санасып отыру керек қой, зейнетақы өсіп жатырған жоқ, - деді Есбол ауылының тұрғыны Илан НҰРҒАЛИЕВА.

Тұрғындар неліктен жолақы тасымалдаушылардың билігінде қалғанына және билік тарапынан реттелмейтініне наразы болды.

- Таксидің жұмысы елге қызмет ету. Бағаны реттейтін таксистер емес, мына біздер, халық. Жеңіл көлікті таксиден бөлек «Газель» бар, бірақ оған мінушілер аз. Болмаса автобус шығару керек, - дейді Есбол тұрғыны Айгүл ДҮЙСЕКЕНОВА. - Сонда таксистер амалсыз бағаны түсіреді, болмаса жұмыстарын қояды. Бағаны солай реттемесек, бір-бірімізбен құр айқайласқаннан ештеңе шықпайды. Бір апта бойы таксистер жұмысқа шықпады, одан не ұттыңдар. Көршілес Өрлік ауылының таксистері келіп, біздің бағамызға орай қалаға дейін тасымал ұйымдастырды. Баға бір кісіге 1500 болып қалсын! 

Таксистер де өз уәждерін алға тартты.

- Біз бірнеше жылдан такси қызметін көрсетіп келеміз. Қажетті құжаттарымыз түгел. Қосалқы бөлшек, жанармай қымбаттап жатыр. Айына екі рет май ауыстырамыз, біз бағаны тектен-текке көтеріп отырған жоқпыз. Жағдайы төмен адамдарға кейде көмектесеміз, сәлемдемеге ақшаны бірде берсе, бірде бермейді. Оны да түсіністікпен қабылдап жатырмыз, - деді Бауыржан МҰХТАРОВ пен Қайрат ОЖЫҚОВ.

- Мен жалғыз өзім шеше алмаймын. Сіздерді бекерден-бекер жинап отырған жоқпыз, бір бағаға тоқталып, дауысқа салайық, - деді округ әкімі Абзал РАМАЗАНОВ.

Екі жақ болып айтысқандар қалаға дейінгі такси бағасын бір адамға 1500 теңге болып қалдыруға келісті. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

30 маусым 2021, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.