Атырау, 21 желтоқсан 20:54
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Депутат Самаликов: «Маған қатысты іс түгел бұрмаланған»

2 627 просмотра

Облыстық мәслихаттың депутаты Абзал-Сенбі САМАЛИКОВТЫ ҰҚКД қызметкерлері қамауға алғаны туралы «АЖ» жарияланымынан кейін редакцияға депутаттың өзі адвокатпен жүгінді. Олар өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін білдіріп, іс түгел бұрмаланған деп мәлімдеді.

- Жанармай ұрлығы бойынша бір топ адамға қатысты іс 2020 жылдың қазан айында басталды. Өткен жылдан бері 20-ға жуық адам қамауда отыр, оларға қатысты жанар-жағармай ұрлау ісі тексеріліп жатыр. 2021 жылы 23 ақпанда ҰҚКД қызметкерлері аудиторлық тексеру нәтижелері бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-тармағы (Аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша жаңа қылмыстық істі тіркейді. Сол күні, сол топ ұрлады деп болжанған сол көлемдегі жанар-жағармай материалдарын жымқырды деген күдікпен олар менің қорғауымдағы Абзал-Сенбі Самаликовты ұстады», - дейді адвокат Руслан ЖАҚЫПОВ.

Адвокат аудитордың қорытындысында анықталмаған мәлімет бар, соның негізінде Атырау облысы бойынша ҰҚК департаменті қорытындыны дұрыс жасамаған деп мәлімдейді.

- Сот-экономикалық сараптама жүргізген сарапшының да құжаттарды үстірт зерттегені қынжылтады, оның қорытындысы бүкіл қателіктерімен бірге аудитор қорытындысының көшірмесі, - дейді Р.Жакупов. - Бір айға жуық тергеуден кейін іс Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне (ЭТД) берілді, бірақ екі аптадан кейін іс ҰҚКД-не қайтарылды. Шамасы, ЭТД қызметкерлері іске қызығушылық танытпай, бұған араласпаған дұрыс деп шешкен болар.

Жакуповтың айтуынша, ҰҚКД ұсталғаннан кейін 3 ай өткен соң Самаликов бөгденің жанармайын иемденбеген деп шешім қабылдады, енді айыптаушы тараптың пікірінше, ол осы топқа ұрлық жасауға «көмектескен».

- Түсінесіз бе, алдымен оны иемдену және талан-таражға арқылы ұрлады деп айыптады. Дәлелдердің жеткіліксіз екеніне көз жеткізген соң осы екі істі біріктіруді ұйғарып, Самаликовты ұрлық істің сыбайласы етті, - дейді адвокат.

Жакупов жанармайдың «Қамқор Локомотив» ЖШС Мақат филиалында жөндеуде тұрған тепловоздардан, яғни, жөндеу депосынан ұрланғанын, ал бұл жеке басшылығы, мүліктің сақталуына жауапты адамдары, қоршалған аумағы, күзеті және т.б. бар мүлдем басқа ұйым екенін растайды.

- Самаликов басқа кәсіпорынның - Мақат локомотив пайдалану депосының директоры. Тергеу басталған сәттен бастап қорғаушы Самаликовтың іс-әрекетінде қандай да бір қылмыстың белгілері жоқ екенін, өйткені оның бұл «топқа» ешқандай қатысы жоқ екенін алға тартты. Өкінішке орай, тергеу органы да, қадағалаушы прокурор да қорғаушының барлық дәлеліне тиісті баға бермейді, бүкіл шағым мен өтініш негізсіз қабылданбады, - деп мәлімдеді адвокат.

Естеріңізге салсақ, «АЖ» Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «Nur Otan» партиясынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Абзал-Сенбі Самаликовқа және тағы 22 адамға қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта депутат үйқамақта. Кейін Самаликов партия қатарынан шығарылып, оның облыстық мәслихаттағы депутаттық өкілеттігі тоқтатылды.

Фархат ӘБІЛОВ

29 маусым 2021, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.