Атырау, 11 қазан 11:22
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

МЖЭ: жеке инвестицияның 1 теңгесін бюджет қаражатының 2 теңгесі өтейді

2 235 просмотра

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобаларына бақылау мен мониторингтің тиісті деңгейде жасалмауы осы жобалардың іске асырылуының тиімділігіне кедергі келтіреді. Бұл туралы мәслихаттың бюджет мәселелері жөніндегі облыстық сессиясында ревизиялық комиссия төрағасының міндетін атқарушы Аслан ҚҰМАРОВ хабарлады.

Мысалы, сегіз МЖӘ жобасы үшін инвестиция көлемі 17,2 млрд теңге. Ал инвестициялық және операциялық шығындарды өтеу құны, сондай-ақ сыйақы 30 миллиардтан астам теңгені құрайды. Инвестициялардың 1 теңгесін бюджет қаражатының 1,9 теңгесі өтейді, бұл жоба құнынан 15 миллиардқа артық.

- МЖӘ жобалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқан Атырау облысындағы ең «шығынды» сала – энергетикалық шаруашылық саласы. Мысалы, Атырау қаласындағы көше жарығы желілерін салу және пайдалану жобасы үшін инвестиция көлемі 7,6 миллиард теңге, ал өтеу құны 12 миллиард теңгеден асады, - деді Құмаров.

Бұдан басқа, 2020 жылға арналған аудиторлық іс-шаралар қорытындысы бойынша 166 тұлға жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 114 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, құқық қорғау органдарына жолданған материалдар ішінде 10 ұрлық бойынша іс бар, бюджет ақшасын жымқырудың жалпы сомасы 432 миллион теңге.

Мысалы, Мұқыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас есепшісі өз қызметкерлерінің жалақысы мен іссапарына бөлінген 22 миллион теңгені өзінің жеке банк картасына аударған. Маманға 7 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Атырау қаласындағы балабақшаның есепшісі де осындай жолмен 26 миллион теңгені иемденген, қазір іс материалдары сотта жатыр.

- Талдау көрсеткендей, ұйым басшылары тарапынан бақылау жоқ, олар электронды-сандық қолтаңбаны есепшілеріне сеніп береді, нәтижесі осындай заң бұзушылықтарға әкеледі, - деді А.Құмаров.

Дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген 37 млрд теңгеге аудит жүргізілді. 714 млн теңге сомасында түрлі құқық бұзушылықтар анықталды. Мысалы, жергілікті атқарушы органдар жобаларды іріктеу кезінде жұмыссыздық динамикасын ескермеген. 4 жоба сараптамасыз мақұлданды, хабарламасы жоқ ГАСК купонысыз 6 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

29 маусым 2021, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.