Атырау, 20 сәуір 05:16
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Эльмираның аманаты

Сурет Бейнежазба
5 237 просмотра

Исатай ауданы Х.Ерғалиев ауылында ЖҰМАҒАЛИЕВТАР отбасы өте қиын жағдайда қалған. Тозығы жеткен баспанада үш бірдей мүгедек бауырына әпкелері бір өзі қарайды. «АЖ» тілшісі олардың үйіне барып қайтқан болатын.

«ОЛАР АНАМНЫҢ АМАНАТЫ»

Жұмағалиевтар алты ағайынды - үш қыз, үш ұл. Екі қыз тұрмысқа шығып, бөлек тұрады. 1975 жылғы Арманның, 1987 жылғы Дамирдің, 1991 жылғы Дауреннің бала кезден психоневрологиялық сырқаты бар және екінші топ мүгедегі. Оларды туған қарындас-әпкелері Эльмира ЖҰМАҒАЛИЕВА күтім жасап, қамқорлығына алған.

Отбасы 70-жылдардың басында саман тастан салынған ескі үйде тұрады. Тозығы жеткеніне қарамастан,  үй иесі оны таза әрі жинақы ұстап отыр.

- Сіздер келер алдында неше күннен бері үйді әктеп, құлаған жерлерін қайта майлап, сырлап қойғанмын. Жылда күн жылына өзімізше қам-қарекет жасаймыз. Қыста қиын, үй суық әрі дымқыл. Ал мына мүгедек бауырларым үйді бүлдіріп тастап отырады. Не істейсің, ауру жандар ғой, ренжімеуге тырысасың, - дейді Элмира.

Шынашақтай келіншектің психикалық ауытқуы бар бауырларына қамқорлық жасап отырғанына еріксіз іштей риза боласың. Элмира ашық-жарқын екен. Бүкпесіз әңгімелесті.

- 2003 жылы тұрмысқа шықтым. Ауылдың шетінен жер алып, сарай салып та алдық. Үш балалы болдық. Әкем ертерек қайтыс болып кетті, момын, өте шаруа кісі болатын-тұғын. Анам қайтыс болар алдында осы бауырларыма бас-көз болуымды маған тапсырды, - деп әңгімеледі Эльмира.

Анасы қайтыс болған соң әкесінің үйіне көшіп баруға мәжбүр болды, алыстан бауырларға қамқорлық жасау мүмкін болмады.

- Олар өздіктерімен киімдерін кию, тамақтану, дәретке отыру, жуындыру барлық мүмкіндіктерінен айрылғандықтан басқаның көмегіне тікелей мұқтаж болды. Өкінішке орай, жолдасым бірге тұруға қарсылық білдіріп, ақыры ажырасып тындық...

Эльмира әңгімесін үзіп, ойланып отырып, сөзін жалғастырды:

- Бауырларымды үкімет қамқорлығына тапсырғаныммен дәл өзімдей қарай ала ма? ...Анама берген уәдемді орындаймын деп шештім, отбасылық өмірім бұзылса да...

ҚЫСТА КАРТОН КОРАПТАР ҚҰТҚАРАДЫ

Тағдыр тауқыметін тартқан жан тығырықтан шығар жол таба алмай, соңғы жылдары оны мазалап жүрген сұрақтар көбейіп кеткендей. Ең бастысы өз балаларымен қоса бауырларымен тұрып жатқан баспананың әбден тозығы жеткен. Есіктері мен терезелері жабылмайды. Шатырдан су кетеді, қыста салқын болғандықтан іргелерді картонмен қымтап әлек екен.

Оның айтуынша, бауырларын еденнен өткен суықтан қорғап, картонға отырғызып, орап қоюға мәжбүр екен. Әжетхана далада болғандықтан үйдің бір бөлмесін мүгедектер үшін пайдаланып отыр,

Ескі екі үйліктің бір жақ қапталын көршілер жаңа баспан тұрғызу үшін бұзуға әркеттеніп отыр екен. Егер ол бұзылған жағдайда, қабырға емес, үй түгел опырылып түсуі мүмкін екендігін жасырмады көршілері де.

Біз Жұмағалиевтар отбасының көршілерімен сөйлестік.

- Қырық жыл көрші болыппын, бұл үйдің салынғанына да елу жыл болып қалды ғой. Алланың ісі ғой, ауруды ешкім сұрап алмайды, бір отбасында бір емес, үш жан. Дегенмен жағдайлары өте қиын. Бұл баспана жөндеуге келмейді. Ең болмаса барлық жағдайы бар шағын сарай тұрғызып берсе жақы болар еді, - дейді көршісі Қайролла ҚАРАБАЛИН.

МҮГЕДЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН БЮРОКРАТИЯ

Бұл үй Жұмағалиевтардың марқұм болған әкесінің атында. Оның қайтқанына 20 жыл өтсе де, құжаты балаларына аударылмаған.

- Мен заңды қамқоршы ретінде бұл үйді өз атыма жасақтау үшін нотариусқа барғанмын, бірақ шаруа үйлеспеді, - дейді Эльмира. - Енді газшылар да, жарық берушілер де «өлген адамға қызмет ете алмаймыз, свет, газ бермейміз» деп қорқытып қояды арасында. Оларға жағдайымды айтып барамын, олар түсіністік танытып отыр әзірше. Ешкім де бұл үйде есепте жоқ. Осы есепте тұрмағандыкі ме, біз әлеуметтік көмек те сұрай алмаймыз.

- Мүгедектікті растайтын жыл сайынғы комиссиядан қалай өтесіз? Бауырыңа мүгедек арбасын алуға сұраныс берген жоқсың ба?

- Психологиялық ауытқулары болғандықтан бауырларымды комиссиядан өткізу қиын. Соңғы жылдары тұрақты түрде екінші топты белгілеген болатын. Негізі бұл топтағылар жұмысқа жарамды болып есептеледі ғой. Көріп отырсыз, бұлар қалайша жұмысқа жарамды?  Неге бірінші топты тұрақты түрде бермейді?

Інілерінің бірі Дәурен мүлдем жүре алмайды. Оны әжетханаға көтеріп апарып, қасықпен тамақ береді. Мүгедектік арба алу үшін оны комиссиядан өткізу керек.

- Маған оларды аудан орталығына апарып келудің өзі ақирет. Таксилер жарымжан адамдарды апарудан бас тартады. Қаржым да жоқ қайта-қайта апаруға, - дейді Эльмира. - Олардың әрқайсысына 50 мың теңгеден мүгедектік зейнетақы белгіленген. Тамағы мен памперстерінен, басқа да қажеттіліктен ауыспайды.

Эльмираның өзі мектепте еден жуады. Жалақысы аз, үш баласы бар, оларды да асырау керек.

- Мен бауырларымды ақырына дейін бағамын, бұл анамның ғана аманаты емес, адами тұрғыда осылай жасауым керек деп шештім. Бәзбіреулер «неге тапсырып жібермейсің» дейді өздерінше ақыл беріп. Қалайша тапсырамын көздерін жәудіретіп, оған дәтім бармас. Сіздерге хабарласқаным көмек сұрау, бауырларымнан құтылу емес. Бізге үйімізді заңдастырып берсе, жағдайымызды жасап берсе, - деді кетер алдында Элмира.

Ауылдастары Элмираның адамгершілігіне риза екенін жасырмайды, қалдерінше көмектесіп тұрады екен.

ӘКІМДІК: «ПАМПЕРСПЕН ЖӘНЕ ЖӨНДЕУГЕ КӨМЕКТЕСЕМІЗ»

Біз аудандық әкімшілікке хабарластық. Исатай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан ӘБІЛҚАСИМОВ комментарий берместен бұрын Жұмағалиевтар отбасына мамандармен барып жағдайымен танысқаннан кейін беретінін айтты. Кейін мынадай комментарий жолдады:

«Жұмағалиев Арман, Дамир, Даурен аудандық ауруханада психиатрдың есебінде тұрады. Исатай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесу бағытында осы отбасындағы Жумагалиев Даурен Бақытжанұлына аудандық ауруханадан №31/у үлгідегі медициналық қорытынды жазылып, ауру себебін ескере отырып, облыстық Медициналық –әлеуметтік сараптама орталығына  мүгедектігіне байланысты жеке оңалту бағдарламасын алуға және тек қана  гигиеналық құрал (памперспен) қамтамасыз ету  үшін жолдама берілді, қалған көмекші құралдары жеке оңалту бағдарламасында диагнозына байланысты берілмейді. Гигиеналық құралмен жеке оңалту бағдарламасы тағайындалған соң Исатай аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы қамтамасыз етіледі

Сонымен қатар осы отбасының тұрып жатырған  тұрғын үйіне қатысты: қазіргі таңда қамқоршысы Жумагалиева Эльмираны аудандағы М.Сулейменованың нотариалдық кеңсесіне бірге апарып, тұрып жатырған үйіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Тұрып жатқан тұрғын үйі дерекқорға тіркелмегені анықталды. Нотариус М.Сулейменова аталған тұрғын үйді тіркетуге құжаттарын дайындау үстінде және құжаттары дайын болған соң, қатынас-хат беру арқылы ХҚКО-арқылы тіркеледі. Кейін тұрғын үй тіркелген соң, Э.Жумагалиеваның атына аудару жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан басқа, аудандық Жастар орталығындағы еріктілердің көмегімен қазіргі тұрып жатырған үйіне жай жөндеу жүргізу жұмыстары және тұрғын үйдің құжаттарын өз атына аударуға жәрдем беріледі».

Жұмағалиевтар отбасына көмектесіп, баспана тұрғызып беруге жәрдемдесетін жандар ел ішінен «атымтай Жомарттар» табылар деген үміт те жоқ емес. Отбасына көмектескісі келетіндер Эльмира Жұмағалиеваға +7 8 778 160 2027 нөміріне хабарласа алады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

24 маусым 2021, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.