Сенбіде, 19 маусымда тұңғыш рет Атырауда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аралас жекпе-жектен Mergen Fighting Championship (MFC) халықаралық турнирі өтті.
«Жайық» спорт кешенінде өткен додаға Өзбекстан, Ресей, Грузия, Украина, Қырғызстан және Қазақстаннан 22 спортшы қатысты. Оның ішінде алты спортшы Атырау облысының намысын қорғады.
Алаңға шыққан атыраулықтардың барлығы жерлестерін жерге қаратпады, ал жиналған жанкүйерлерден залда ине шаншыр орын болған жоқ.
Алғаш болып жекпе-жекті бастаған атыраулық спортшы Жансерік ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ қазақстандық қарсыласын техникалық нокаутпен жеңсе, бұдан кейін Нұрбек ОТАР ресейлік қарсыласын және Сиражев БЕРДІБЕК пен Шыңғыс ҚАМАЛОВ өзбекстандық қарсыластарын уақытынан бұрын ұтып алды.
Атыраулық жекпе-жек ардагері, муай-тайдан әлем чемпионы Ищан ГАЛИЕВ өзінің аралас жекпе-жектен кәсіпқойлар арасындағы алғашқы жекпе-жегін грузиялық Гиорги ПОШИДЗЕМЕН өткізіп жеңіске жетсе, муай-тайдан бүкіләлемдік ойындардың чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еламан САЯСАТОВ та кәсіпқой аралас жекпе-жектегі алғашы кездесуінде грузиялық қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.
MFC турнирінің нүктесін елімізге белгілі қазақстандық жауынгер Қуат ХАМИТОВ пен украиналық Роман ГОЛОВИН қойды. Хамитов украиндықты техникалық нокаутпен жеңді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Бейнежазбаны түсірген автор; суреттерді облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі ұсынды