Атырау, 11 қазан 13:25
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Жайық жағасында аквапарк болады. Бұл құрылыс заңды ма?

Сурет Бейнежазба
3 347 просмотра

Көп уақыттан бері Баймұханов-Мечников көпірінің маңындағы жағалауда әлдебір объект салынуда. Әлеуметтік желіде қала тұрғындары мұның аквапарк екенін жазуда. Ол су объектісі болса да, бұрын алқап болған Жайық жағасына қалай салынып жатыр?

Біз осындай сұрақтармен қалалық әкімдікке жүгіндік. Олар Мечников көпірі маңындағы жер учаскесін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жағажай ретінде бөліп бергенін, қазіргі уақытта жер 10 жылға «Атырау-Саябақ» ЖК-нің сенімгерлік басқаруына берілгенін хабарлады. Бұдан басқа, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жағажайды аквапаркпен жабдықтау мақсатында сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) ұсынды, бірақ су қорғау белдеуіне құрылыс орналастыруға «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ қорытындысын сұрады.

Инспекцияның өзі Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес су қорғау аймағында су тазарту құрылыстары мен көпірлерден басқа кез-келген құрылысқа тыйым салынғанын хабарлады.

- Cу қорғау белдеуінің ені 35-тен 100 метрге дейін. Бұл аумаққа құрылыс cалуға рұқсат берілмейді. Эскиздік жобалар бізбен келісілуі керек, - деді инспекция басшысы Ғалидолла АЗИДУЛЛИН. Оның айтуынша, су қорғау аймағындағы бүкіл жағажай қала әкімдігінің балансында, егер олар әрі қарай сенімгерлік басқаруға берілсе, бұл бассейндік инспекцияның құзыретіне кірмейді.

Біз нысанның өзіне бардық - жағалаудан 50 метрдей жерде бассейні, балалар төбешігі бар аквапарк салынуда.

- Біз жағажайды абаттандыру конкурсының қорытындысы бойынша әкімдікпен келісімшарт жасадық. Құжаттарды, өзіміздің эскиздік жобамызды ұсындық, сосын комиссия жер учаскесін беруге рұқсат берді. Құрылыс салар алдында сәулет бөлімі мен бассейн инспекциясына жүгініп, рұқсат алдық. Ал құрылысқа келетін болсақ, бұл жерде ғимарат жоқ, тек каркас қалқа мен оңай салынатын құрылымдар бар. Суды су құбырының орталық жүйесінен аламыз, - дейді жеке кәсіпкер Марат АСЫЛБЕКОВ.

Ол Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы құжатын көрсетті. Картографиялық материалдар негізінде инспекция тасқын сулардың өтуін қамтамасыз ету, судың ластануын, бітелуін және сарқылуын болдырмау шаралары алынған жағдайда жаға аумағында ойын-сауық аттракционын орналастыруға рұқсат берген.

Құжатта кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды немесе коммуникацияларды ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілген жобалар болмаса және құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алмаса, құрылыс салуға (реконструкциялауға, күрделі жөндеуге) тыйым салынатындығы айтылған.

Біздің ұстанымымыз - Атыраудағы ауыз су көзі - Жайық өзенін сақтау және бәрі заңға сәйкес болу керек. Әзірге оқырмандарымыз үшін бұған нақты жауап жоқ.

Ал жақында қалалық әкімдік қаланың коммуналдық меншігінде ТКШ бөлімінің балансында кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген 6 жағажай бар екенін хабарлады.

- жағажай (ДСК) 2019 жылы «Евразия» ЖШС-не 2029 жылға дейін берілді;

- Жилгородок, жағажай 2020 жылы «Номад» ЖК-ге 2030 жылға дейін берілді;

- Қ.Мәмекұлы көшесінің аумағындағы жағажай 2020 жылы «Номад» ЖК-ге 2030 жылға дейін берілді;

- Балықшы тұрғын үй массивінің аумағындағы жағажай 2020 жылы «Еуразия» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС-не 2030 жылға дейін берілді;

- тұрғын үй қалашығының аумағындағы жағажай 2020 жылы «LUCH» жеке кәсіпкеріне 2030 жылға дейін ұсынылды.

- Мечников көпірі маңындағы жағажай 2020 жылы 2030 жылға дейін берілді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

18 маусым 2021, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.