Атырау, 21 желтоқсан 14:46
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Волейболшыларымыз Олимпиадаға бір қадам жетпей қалды

Сурет
3 002 просмотра

Негізінен Атырау спортшыларынан тұратын параволейболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы Германияда өткен лицензиялық турнирде күміс алқа жеңіп алды. Бұл Токиода өтетін Паралимпиадалық ойындарға іріктеу турнирі еді. Өкінішке орай, іріктеу үшін күміс алқа жеткіліксіз болды.

5 турдан тұратын турнирде Қазақстанның ұлттық құрамасы өз тобында (А кіші тобы) Канада (3:0) мен Германияны (3:0) жеңіп, келесі кезеңге өтті. Содан кейін олар өз тобында 3-орын алған АҚШ командасын (В кіші тобы) 3:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда өз тобында 1-орын алған Хорватиядан 3:0 есебімен басым түсті. Енді финал қалған еді. Онда қайтадан Германия құрамасымен ойнап, бұл жолы 1:3 есебімен ұтылып қалды.

Өкінішті, әрине, бірақ біздің команда әлі де турнирдің үлкен асуларын бағындырады деп сенемін.

Азғана мәліметке келтіре кетсек, ұлттық құраманың ең жас мүшесі 23 жаста, бұрын футболшы болған. Ал ең үлкені - 38 жаста. Мүмкіндігі шектеулі бұл жандар спортқа түрлі жолмен келген: біреуі жұмыста жарақат алса, біреуі апатқа ұшыраған, бала кезінен ауырған және т.б. Бірақ бәрін қиындыққа берілмей, бұл өмірде өз орнын табуға деген күш-жігері біріктірген.

- Қазіргі ойыншылардың жартысынан көбі – салмақты турнирлерде жеткен жетістіктерінің арқасында халықаралық спорт шеберлері атанғандар. Команда қазір демалыста. Қазақстан Кубогы 10-14 шілдеде өтеді, ал қараша айында Оңтүстік Кореяда Азия чемпионаты, желтоқсанда - Египетте Әлем чемпионаты өтеді. Біз дайындалып жатырмыз, - дейді параволейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бауыржан ТАХАУОВ.

- Германиядағы маңызды турнирде жеңу үшін не жетіспеді? Сіздер болашақ жеңімпазды алдыңғы кезеңде басымдықпен жеңген едіңіздер.

- Алдымен ҚР ұлттық құрамасындағы жігіттердің бәрі дерлік атыраулықтар екенін тағы да атап өткім келеді. Турнирге келер болсақ: ол былтыр наурызда өтуі керек еді, біз оған жақсылап дайындалдық. Бірақ, өкінішке орай, карантинге байланысты турнир өтпей қалды. Пандемия кезінде қарсыластың болмауына байланысты бір жыл бойы ойнаған жоқпыз, онлайн жаттықтық, яғни, жаттығу үйде допты қабырғаға соғумен шектелді. Бәлкім, бұл да әсер еткен болар.

Тағы бір себеп - Германия құрамасындағы ойыншылардың бәрінің бойы 2 метрден асады, ал біздікі, біреуінен басқасы 1,85 метрден аспайды. Сіз егер барлығы отырып ойнайтын болса, оның маңызы қандай деп сұрарсыз? Бұл маңызды, әсіресе тосқауыл кезінде. Бірақ оны айтқаннан не пайда, ең маңызды матчта ұтылып қалдық.

- Бүгінде Қазақстанда мүгедектер спорты қалай дамып келеді? Параспортшыларға жеткілікті жағдай жасалған ба?

- Қазақстанда паралимпиадалық спорт соңғы 5-6 жылда жақсы дамып келеді. Елордада Паралимпиадалық орталық бар, онда ұлттық құрамаға кіретін спортшыларға барлық жағдай жасалған. Алайда, кадрмен қамтамасыз етуді жақсарту қажет. Мұның бәрі тәжірибеге байланысты.

- Қазақстанда параволейболмен қанша адам айналысады? Параволейболдың болашағы қандай?

- Қазақстанда параволейболдан 12 команда бар. Біз әлемдегі 78 команданың ішіндегі үздік ондықтың қатарына кірдік, мықтыларды жеңдік. Сондықтан бәрі әлі алда.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

18 маусым 2021, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.