Нұр-Сұлтанда 23 жасқа дейінгі жастар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті. Мұнда Атырау облысының бас бапкері Қуаныш Сүлейменовтің шәкірттері жақсы өнер көрсетті.
Ермек Амангелді (66 келіге дейін) мен Әділет Сапарғалиев (90 келіге дейін) ел чемпионы атанды, Әсемгүл Куюлова (63 келіге дейін) мен Дулат Аманқосов (73 келіге дейін) күміс, Хамария Әмірғалиева (48 келіге дейін), Әбдісамат Бақыт (60 келіге дейін) және Арманжан Аралұлы (81 келіге дейін) қола алқа жеңіп алды.
* * * * *
Ташкентте қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өтті. Турнирге 38 елден 200-ден астам спортшы қатысты. «Өзін-өзі қорғау» деп аталатын жарыс санатына Атырау құрамасының аға жаттықтырушысы Хайдар Есенғалиев та қатысты.
Ол Қырғызстан мен Румыниядан келген қарсыластарын жеңді, бірақ финалда Өзбекстан өкіліне есе жіберді. Нәтижесі - қола алқа.
* * * * *
Нұр-Сұлтанда балалар арасында таеквондодан Қазақстан чемпионаты өтті. Атырау құрамасының қоржынына 10 алтын, 4 күміс және 4 қола алқа салынды.
Амира Өтемұрат, Жан Убеев, Қоныспай Санжар, Болат Парасат, Қадырғали Дастан, Рахметолла Мәулен, Мақсот Дарын, Мәриям Тәженова, Алина Болати және Нұрайлым Бақытжанқызы чемпион атанды.
* * * * *
Ташкентте самбодан Азия чемпионаты өтті.
Жауынгерлік самбодан ерлер арасында 58 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Еркебұлан Қуанғалиев күміс алқа жеңіп алды. Спорттық самбодан жасөспірімдер арасында Қазбек Аңсаған (53 келіге дейін) мен Ислам Асқаров (58 келіге дейін) күміс алқаға қол жеткізді.
* * * * *
Таразда жастар арасында паражүзуден Қазақстан чемпионаты өтті.
Атыраулық спортшы Альфия Тілекқабыл 50 метр қашықтықта кроль әдісімен алтын алқа алса, сол спорт түрі бойынша 100 метр қашықтықта күміс алқа жеңіп алды. Бұдан басқа, ол 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен күміс алқа иеленді. Спортшы қызды Нұрлан Жұмағазиев жаттықтырады.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ