Атырау, 20 сәуір 09:51
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Облыс әкімінің орынбасары әйелдермен тілдесті

3 299 просмотра

16 маусымда 40 шақты әйел азық-түлік бағасының күрт өсуіне наразылық білдіріп, Атырау облысы әкімдігі ғимаратының алдына жиналды.

- Біз биліктен ең қажетті азық-түлік бағасын ұстап тұруды талап етеміз. Мен үш баласы бар жалғызбасты анамын. Баламның бірі мүгедек, 90 мың теңге аламын, оның 50 мыңы дәрі-дәрмекке кетеді. Балаларымды қалай асыраймын? Біз ақша сұрамаймыз, баспана сұрамаймыз, ең болмағанда бағаны төмендетіңіздер. Бес литрлік күнбағыс майы 4200 теңге тұрады, Рамазан айында еріктілер әкелгеннен бері бірде-бір ет жеген жоқпыз, - дейді Жанар ҚҰБЫШЕВА.

Зейнеткер Жұмагүл апай:

- Халыққа қиын, ақшамызға не сатып аларымызды білмейміз, базарда бәрі қымбат.

Біраз уақыттан кейін әйелдердің жанына шенеуніктер келіп, оларды ғимарат ішіне шақырды. Олармен облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ кездесті.

Жиналғандар құрылыс материалдарының да қымбаттағанына шағымданды:

- Ракушеблок, арматура қымбаттады. Мұның бәрі өзімізде Қазақстанда өндіріледі, бұл біздің жер қойнауымыздың байлығы ғой. Ол неге қымбат? Өзіңіз де халық арасына шығып, тамақ сатып алатын боларсыз, бағаларын көріп жүрсіз ғой. Карантин кезінде бәріне қиын болды, біз ол кезде ештеңе демедік. Бірақ қазір шынымен де ештеңе жасауға болмай ма?

Қайрат Нұрлыбаев түсіндіруге тырысты:

- Әлеуметтік маңызды 19 өнімнің бағасын ұстап тұру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірақ қолдан келмейтін нәрселер бар. Бізде өнімдердің көпшілігі сырттан әкелінеді. Бізде сүт, ет, жұмыртқа өндіріледі, бірақ бұл өңірдің сұранысын қанағаттандыра алмайды. Әрине, карантин шаралары көп нәрсеге кері әсерін тигізді. Бірақ жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Ресейден картоп жеткізу туралы келісімге келдік... Мен де сіздер сияқты адаммын, аспаннан түскен жоқпын, Атырауда туып-өстім, осы жерде тұрамын, бұл проблемаларды білемін. Сіздердің барлық сөзіңізді жазып алдым, облыс әкіміне жеткіземін. Біздің құзыретіміздегі мәселелерді осы жерде шешеміз, ал басқасы жоғары жаққа айтылады.

Еске салсақ, соңғы кездері Қазақстанда картоп пен сәбіздің бағасы келісіне 500 теңгеге дейін шарықтап кетті. ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұған барлық қажетті тетіктер болса да, әрекет жасамады деп әкімдіктерді кінәлаған еді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 маусым 2021, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.