Атырау, 25 сәуір 10:19
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Ақ Жайық» пен оның редакторына жасалған қоқан-лоқылар туралы

2 888 просмотра

Өткен аптада «Ақ Жайық» редакциясы біздің басылымның журналистеріне қатысты үнемі қоқан-лоқылар жасалатыны туралы полицияға ресми шағым түсірді. «АЖ» қызмет еткен 30 жыл ішінде түрлі қоқан-лоқы, тіпті, тікелей шабуылдар да жасалды.  Соңғы рет редакцияға белсенді шабуыл бір жылдай бұрын жасала бастады. Шамасы, бұл біздің билікке немесе қандай да болмасын өнеркәсіптік-қаржылық топтардан тәуелсіз болғанымызға ғана байланысты емес, елдегі саяси оқиғалар одан әрі дамыған жағдайда алдын алу үшін жасалған шара болуы да мүмкін.

«АЖ» Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевқа 10 маусымда ресми түрде жүгінді. Алайда редакцияға және редактордың өзі Азамат Майтановқа жасалып жүрген қоқан-лоқы туралы оған бұрын да хабарлаған едік. 12 маусымда ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы («Қорқыту») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды, бірақ тергеуден әлі хабар жоқ, дегенмен шағымда қаскөйдің IP-мекен-жайы көрсетілген.

- Біз облысымызда және елімізде болып жатқан оқиғаларды, атап айтқанда Жаңаөзендегі оқиғаларды, жер митингілерін, азаматтық белсенділердің қудалануын үнемі ашық және объективті түрде жариялап отырдық; басқа баспаханалар басудан бас тартқан кезде қуғынға ұшыраған әріптестерімізге қолдау көрсеттік. Сөйтіп түрлі қоқан-лоқы мен «ескертулер» алдық. Соңғы кездері бізге билік өкілдері мен ықпалды адамдардан елдегі саяси процестерді жарияламау, кейбір қуғынға ұшыраған экс-әкімдер мен саясаткерлер туралы ешқандай ақпарат бермеу туралы өтініш-тілектер түсіп жүр. Біздің «қолайсыз» газетпен есеп айырысқысы келетіндер көп болатын. Мысалы, қамауға алынған ірі экс-шенеуніктер мен олардың қолшоқпарлары, құқыққорғау органдарының қызметкерлері, лауазымды тұлғалар. «Ақ Жайықтың» жазасын береміз деп ұрандатқан пікірлер сайтымызға Кремль риторикасына қайшы келетін халықаралық жаңалықтарды жариялағанымызды ұнатпайтын оқырмандарымыздан да түсіп жатады, - дейді Азамат Майтанов.

Еске салсақ, 2000 жылы баспаханамызға тікелей шабуылдар жасалды. 2002 жылы республикада тек «АЖ» баспаханасы батылдықпен Мұхтар Әблязовтың «Республика» газетінің кезекті санын басып шығаруды қолға алды. Осыдан кейін белгісіз біреулер түнде баспаханаға жанатын қоспасы бар бөтелке лақтырып кетті. Кәсіби түрде өрт қойылып, ең қымбат жабдық зақымдалды.

Сол жылы түнде біреу редакцияның кіреберісіне адамның бас сүйегін іліп кетті. Полиция мұны біреудің қалжыңы деп санады. 2007 жылы БҚО баспаханалары жерді алыпсатарлықпен айналысты деп облыс әкімін айыптаған «Уральская неделя» басылымын басудан бас тартты. Сол кезде «Ақ Жайық» әріптестеріне қолдау көрсетті. 2010-19 жылдары елімізде ең «қызу» саяси оқиғалар болып жатқанда сайтымыздың бірнеше рет бұғатталып, DoS шабуылдар жасалғаны да кездейсоқтық емес. Енді 2020 жылы және осы жылдың басында редактордан бастап, журналистерімізге жеке қоқан-лоқы жасала бастады.

- Бұл қоқан-лоқының артында кім тұрса да, бұл жағдайды тәуелсіз басылымымыздың беріктігін тексерудің тағы бір сынағы деп санаймыз және бәріңізді бұрынғыша мықты болатынымызға сендіргіміз келеді, - деді «АЖ» редакторының бірінші орынбасары, газет ардагері Михаил Паличев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 маусым 2021, 13:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.