Атырау, 11 қазан 13:25
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Жолаушы тиеп жарысқан

3 529 просмотра
Көрнекі сурет

Атыраудағы қоғамдық көлік жүргізушілері маршрутқа шыққанда ешқашан тәртіптілігімен ерекшеленген емес, бірақ соңғы уақытта жол ережесін жиі бұзатын болған. Бұған дәлел - 4 күн ішінде автобус жүргізушілері 150-ден астам ереже бұзды. 

Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза ҮМБЕТҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, 7-11 маусым аралығында «Автобус» іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде мұнайлы астанадағы 150 қоғамдық көлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылған.

-  Ең көп тіркелген құқықбұзушылықтар – маневр жасау ережесін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпай жүру, қоғамдық көлікті тізгіндей отырып ұялы телефонмен сөйлесу. Айып тұрағына 9 автобус қойылып, тәртіп бұзушыларға айыппұл салынды,- дейді Қамза Үмбетқалиев.

Бұдан бұрын «АЖ» хабарлағандай, 23 мамырда №57 бағыттағы автобустың 49 жастағы жүргізушісі 26 жастағы мұғалімді қағып кеткен болатын. Бұл қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде жол бойында жүргізушілердің жиі жарысып жүретіні қызу талқыланды.

- Қашан көрсем де, бір-бірімен жарысып жүреді. Әрине, адам көп болса, табыстары да көп болады. Алайда 80 теңге үшін бір-біріне жол бермей, жол ережесін бұзу дұрыс емес. Оларға қойылатын талапты күшейту керек. Мұнай компанияларының автобустары қалай жүреді, біздің қоғамдық көліктердің жүргізушілері де солай жүру керек, - дейді қала тұрғыны Айнұр ИСЕНАЛИЕВА.

«Akzhayik Avtopark» ЖШС директоры Қуантай ҚАЛМАННЫҢ айтуынша, автобус паркінде 200-ден астам жүргізуші жұмыс жасайды. Бұл жерде қызметкерлер арасында қауіпсіздік техникасы бойынша сабақтар ұйымдастырылады, жол ережесін бұзған автобус жүргізушілерінің қатысуымен тәртіптік кеңес өтеді.

- Жол ережесін бұзатын жүргізушілер әкімшілік айыппұлды өз қалтасынан төлейді. Мекеме тарапынан оларға түрлі жаза қолданып, ережені жиі бұзса, жұмыстан шығарамыз. Жыл басынан бері 10 шақты жүргізушімен келісімшартты бұздық, - дейді Қуантай Қалман. – Қызметкерлеріміз айына 200 мың теңге көлемінде жалақы алады. Аз жалақы емес, бірақ автобус жүргізушілері жетіспейді.

- Жұмысқа алкоголь ішіп келетіндер болды ма?

- Өткен жылы осындай екі жағдай болды, ал жыл басынан бері мұндай жағдай кездескен жоқ. Таңертең жұмысқа келген барлық жүргізуші медициналық тексерістен өтеді. Мас болса немесе денсаулығынан кінәрат табылса, жолға шығарылмайды.

Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ айтуынша, жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындардың автопаркінде 289 автобус бар. Бірақ күн сайын жолаушы тасымалдауға 210-220 автобус қана шығады. Қалғандары жүргізуші жетпегендіктен резервте тұр.

Фархат ӘБІЛОВ

16 маусым 2021, 17:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.