Атырау, 14 маусым 22:49
 ашықВ Атырау +30
$ 427.15
€ 519.12
₽ 5.96

Жабдық бар - дәрігер жеткіліксіз

1 785 просмотра

- Сіздерде жүкті әйелдердің жағдайы өте қиын болғанда және COVID-19 жұқтырған жағдайда еш жерде хабарлау схемасы жоқ екен. Ал мұндай жағдайда іс-қимыл алгоритмі минутқа дейін жасалуы керек. Жауапты адамдардың телефон нөмірлері көрсетілген схема көрінетін жерге ілінуі керек. Өйткені қарапайым учаскелік дәрігер денсаулық сақтау басқармасы басшысының немесе оның орынбасарының ғана емес, тіпті, өз емханасындағы директордың нөмірін де білмеуі мүмкін, - деп атап өтті Қызылорда перинаталды орталығы директорының орынбасары Гүлнар ЖҰМАШЕВА облыстық ауруханада өткен дәрігерлер жиналысында.

Естеріңізге салсақ, облысымзға Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы келді. «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» басқармасының төрағасы, Денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатры Риза БОРАНБАЕВАНЫҢ айтуынша, негізгі мақсат - жергілікті дәрігерлерге әдістемелік, кеңестік және практикалық көмек көрсету. Үш күн ішінде келген мамандар ауыр сырқаттары бар науқастарға кеңес беріп, семинарлар өткізіп, ауруханалар мен емханалардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру бойынша кеңестер берді.

- Атырау облысында сәбилер өлімінің азаю динамикасы байқалады. Бірақ медицина мекемелерінің ұйымдастыру жұмысында проблемалар қалып отыр. Бұдан басқа, өңірде әлі де кадрлар жетіспейді, педиатрлар, неонатологтар, ревматологтар, анестезиологтар жеткіліксіз, - деді Р.Боранбаева.

Оның айтуынша, жағымды жайттар да бар. Бұл, ең алдымен, балалар облыстық ауруханасының жаңа заманауи жабдықпен жарақталуы, қала емханаларының да, ауыл ауруханаларының да дәрі-дәрмекпен толық қамтылуы.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл ҚҰДАМАНОВАНЫҢ айтуынша, шынымен де өңірде педиатрия және босандыру саласында кадр тапшылығы сезілуде. Сәбилер өлім-жітімі әлі де елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.

- Кадрлардың жетіспеуіне байланысты денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп іс-шаралар жоспарын құруды көздеп отырмыз. Бұдан басқа, балалар мен жүкті әйелдерге қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін бізге ауруханалар мен емханаларды ең заманауи медициналық жабдықтармен жарақтау қажет. Кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі бойынша денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет есебінен жоғары және орта деңгейдегі медицина қызметкерлерін үш деңгейлі оқытуды жоспарлады. Осындай кезеңмен жүргізілген шаралардың арқасында өңірдегі сәби өлім-жітімін азайта аламыз деп ойлаймын, - деп сөзін түйіндеді А.Қудаманова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

11 маусым, 15:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.