Атырау, 20 сәуір 19:37
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Колледж студентіне әскери борышын кейін өтеуіне уақыт беріледі». Бірақ іс жүзінде солай ма?

4 020 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

Атырау «Энергетика және құрылыс» колледжінің соңғы курс студентін дипломдық жұмысын жазып бітіріп, қорғауына мүмкіндік берместен әскер қатарына алып кетті.

Бұл туралы ақпаратты жас жігіттің анасы Елена АЗОВСКАЯ әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, мамыр айында әскери комиссариат өкілдері полиция қызметкерімен бірге келіп, ұлына шақыру қағазын табыстаған. 26 мамырда таңертең ол әскери комиссариатқа барғанда, оны сол жерден басқа жігіттермен бірге автобуспен медициналық тексеруге емханаға әкеткен. Содан кейін түсте әскери комиссариатқа алып кеткен. Әрі қарай үйлеріне жібермей, әскери комиссариатта түнеген. Баласы телефонына жауап бермеген. Түскі уақытта жігіттің әкесі облыстық әскери комиссариатқа барып, сағат 14-тен кешкі 22-ге дейін сол жерде болған. Бірақ ұлын ақыры үйіне жібермеді. Келесі күні медициналық тексеру жалғасқан. 27 мамырда кешкісін жігітті қоштасу үшін үйіне жібереді, ал таңертеңгі сағат 7-де вокзалға аттанады. Анасына ұлының Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге өзі сұранғанын айтқан. Жалпы отбасы әскери борышын өтеуіне қарсы емес, парыздың аты парыз, бірақ жас жігіт диплом жұмысын қорғап үлгермеді, қорғау процедурасы маусымның аяғында болады.

- Бәріңізге сәлем! Ұлымды оқуын аяқтауға мүмкіндік берместен әскерге алып кетті. Колледжде диплом беріледі депті. Ал колледж бермейді. Осындай проблемаға кім тап болды? Қайда бардыңыздар, не істедіңіздер? Айтып жіберіңіздерші, - деген өтінішпен жас жігіттің анасы әлеуметтік желі қолданушыларына жүгінді.

Сөйтсек, бізде мұндай жағдай көп екен.

- Сірә, жігіт өзін алып кетуіне келісемін деп қол қойған шығар. Әскери комиссариат өзін ренжітуге жол бермейді, мен де кезінде осылай қызмет еттім, - деп жазады комментаторлардың бірі.

- Бізде де осылай болды! 3 маусымда біздікілер Нұр-Сұлтан қаласына кетті. Академиялық демалысқа өтініш жазу керек. Егер бала жоғары оқу орнында оқыса, алып кетпейді, ал егер колледжде болса, алып кетеді, - деп жазады тағы бір комментатор.

Елена бұл жазбаны 6 маусымда жариялады, ал 8-де оны қалалық әскери комиссариат сөйлесуге шақырды. Менімен жеке әңгімелескен кезде Елена ұлының жақын арада әскерге баруды жоспарламағанын, колледжден кейін білімін жалғастырып, жоғары оқу орнына түспек ойы болғанын айтты.

- Сізге қалай түсіндірді, ұлыңыз әлі колледжді бітірмеген болса, оны неліктен әскерге алып кеткен, оның әскери борышын кейін өтеуіне дәлелді себебі болды ғой? 

- Қалалық әскери комиссар Батырхан Қазақовпен болған әңгімеде біз бұл тақырыпты қозғаған жоқпыз. Соның алдында ұлыммен сөйлестім, ол сол жерге бейімделіп, қызмет етемін деген ойға көндігіпті. Сондықтан оны осы ойдан қайтарамын деудің мәні жоқ. Мен басқа нәрсеге наразымын: колледжде ұлыма диплом бермейміз, өйткені ол диплом жұмысын қорғаудан өтпейді деп мәлімдеді. Бірақ ол өз қалауымен қызмет етуге кеткен жоқ қой. Оны әскер қатарына алып кетті. Маған ұлымның дипломы курстастарымен қатар беріледі деп уәде етті ғой.

Елена өз жазбасын «Книга жалоб и предложений Атырау» тобынан алып тастады. Бірақ сол топта тағы бір қолданушының жазбасы пайда болды. Ол да әскери комиссариат ештеңеге қарамай бәрін шақырып жатыр деп шағымданды. Бірнеше сағаттан кейін ол да жазбасын өшіріп тастады.

Маған әскер қатарына қаладағы колледждердің 3-4 курс студенттерін әкетіп жатыр деп бірнеше рет шағымданды. Жас жігіттердің ата-анасы да, студенттерінің кенеттен ғайып болғанына таң қалған оқу орындарындағы кураторлары да жазды. Бірақ әскери комиссариат өкілдерімен әңгімелескеннен кейін ата-аналар, әдетте, ұлым әскерге кеткен екен, солай-ақ болсын деп бой ұсынады. Олар уақыт өтіп кетті деп есептейді. Ал колледж оқытушылары студенттеріне сабақ кезінде әскер қатарына шақырылып жатқанынан хабардар болған басшылығына ашық қарсы шыққысы келмеді.

- Жыл сайын облысымыздан әскер қатарына 1300-ге жуық адам шақырылады. Кейде осындай түсінбеушіліктер болып жатады. Бірақ егжей-тегжейлі әңгімеден кейін түсінбеушіліктер реттеледі, - дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қолбасшысы басқармасы баспасөз қызметінің өкілі капитан Рүстем ИГІСІНОВ.

- Дегенмен, колледждің немесе жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын студентті әскер қатарына шақыруға құқығы бар ма?

- Жоқ, құқылы емес. Колледждер мен жоғары оқу орындарының  күндізгі бөлімінде оқитын студенттердің әскери борышын кейін өтеуге құқығы бар. Олар әскери комиссариатқа оқу орнынан тиісті анықтаманы тапсыруы керек. Егер студенттердің өздері қызмет етуге тілек білдірсе, онда олар қызмет ету мерзімі үшін академиялық демалыс беру туралы оқу орнына өтініш жазуы керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

9 маусым 2021, 13:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.