Атырау, 29 наурыз 16:27
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

4 265 просмотра

Шымкентте 2009 жылғы балалар арасында жүзуден өткен ҚР чемпионатында Атырау құрамасы 11 алтын және 3 күміс алқа иеленді.  

50 метр қашықтықта арқамен жүзу бойынша Дарья Чеснокова; 50 және 100 метр қашықтыққа баттерфляй, 100, 200 және 400 метр қашықтыққа еркін стильде жүзу, 200 және 400 метр қашықтыққа кешенді жүзу бойынша Құтлымұрат Алихан; 50, 100 және 200 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзу бойынша Аманбай Арман чемпион атанды. Бұдан басқа, А.Аманбай мен А.Құтлымұрат 200 және 400 метрге кешенді жүзуден және 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден күміс алқа жеңіп алды. Балаларды бапкер Иван Галкин жаттықтырады. Жүзушілердің ата-анасы мен олардың бапкерлері Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Р.Х.Ибрагимов пен Атырау облысының жүзу федерациясының президенті С.А.Ерниязовқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтады.

* * * * *

Нұр-Сұлтанда ұлттық жекпе-жек бойынша жасөспірімдер арасында Қазақстан Кубогы өтті, оған 700-ден астам спортшы қатысты. Атырау облысының құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 3 қола алқа жеңіп алды.

Алхам Дамир (38 келіге дейін) мен Мереке Досымжан (43 келіге дейін) ел чемпионы атанды, Жәкен Нұрбек (35 келіге дейін) күміс, Жағыпар Абдурохман, Сарыбай Әділбек және Бақтияр Мақсат қола алқа алды.

* * * * *

Алматыда муай-тайдан балалар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпиондар қыркүйек айында Бангкокта өтетін әлем чемпионатына баруға жолдама алды.

Атыраудың «Қайсар» спорт клубының өкілдері 4 алтын, 2 күміс және 4 қола алқа жеңіп алды. Бөпежан Исмаил (30 келіге дейін), Айдынғали Қайрат (34 келіге дейін), Оңдасын Мансұр (54 келіге дейін) және Рамазан Қайратұлы (63,5 келіге дейін) ел чемпионы атанды, күміс жүлдегерлер – Нәби Көркем мен Түгелбай Ерназар, қола жүлдегерлер - Аделина Гатиятуллина, Құбайдолла Әділет, Мейіржан Таласов және Абсалық Бекарыс. Бұдан басқа, Т.Ерназарға «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» сыйлығы табысталды.

* * * * *

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында Кеңес Одағының Батыры Ыдырыс Үргенішбаевты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.

 

66 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Жандос Алпысбаев алтын алқа алса, 42 келіге дейінгі салмақта Ахмет Дәулеткерей күміс алқа жеңіп алды. Ерлан Қайырқожа, Әнуарбек Марат және Рауан Мейрамбаев қола жүлдегер атанды. Ал Ермұхан Алтыбай турнирдің үздік төрешісі болып танылды.

* * * * *

Шымкентте кикбоксингтен жасөспірім ұлдар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Бапкер Ержан Базаршаев бастаған Атырау облысының құрамасы 3 күміс және 2 қола алқа жеңіп алды.

Қыздар арасында 36 келіге дейінгі салмақта Надежда Королева мен 48 келіге дейінгі салмақта Мария Приданова күміс жүлдегер атанды, ұлдар арасында 36 келіге дейінгі салмақта Санжар Мейрамғали күміс алқа, Жарасбек Қайнолла мен Үбайдолла Нұрлыбекұлы қола алқа иеленді.

* * * * *

Германияның Дуйсбург қаласында отырып ойнайтын волейболдан Токиода өтетін Паралимпиадалық ойындарға іріктеу турнирі өтті.

Басым бөлігі Атырау облысының ойыншыларынан құралған Қазақстан құрамасы өз тобында үш матчта жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Ол жерде Хорватия командасын басып озып, бірақ финалда алаң иелеріне есе жіберді. Ал бұл турнирге Токиоға бір жолдама ғана ойналды.

Дайындаған Мұрат СУЛТАНҒАЛИЕВ

8 маусым 2021, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.