Атырау, 25 сәуір 13:07
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Тұрақтандыру қорында дәрі-дәрмек қымбат болса, оның бізге қажеті қанша?»

4 014 просмотра
6 шілде, 2020 жыл. Атырауға Алматыдан тапшы антибиотиктер партиясы келді. «АЖ» мұрағатынан алынған сурет

Атырауда дәріхана өкілдері тұрақтандыру қорындағы дәрі-дәрмек бағасының қымбат екеніне шағымданды.

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстел барысында дәрі-дәрмекке шекті бағалар, үстеме сауда бағаларын реттеу, сондай-ақ дәрі-дәрмектің аса маңызды түрлерін қолжетімді бағамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, фармацевтикалық бизнес, мемлекеттік және қадағалау органдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Естеріңізге салсақ, былтыр облыста ковидке қарсы дәрі-дәрмек мүлдем тапшы болған еді. Адамдар дәрі-дәрмекті таныстары арқылы іздеді, дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды. Бұл ауру жұқтыру қаупін тудырды. Жоқ дәрі-дәрмекті тұрғындар облыс аумағынан тыс жерден тапсырыспен алдырды.

Сол кезде облыста дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қорын құру туралы шешім қабылданды. Дәрі-дәрмек сатып алу үшін «Атырау» ӘКК келісімшарт жасап, Атырауда қоймалары бар «INKAR» ЖШС филиалына 500 миллион теңге несие ұсынды.

- Біз жергілікті дәріханаларға ковидке қарсы препараттардың бағасы бойынша «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп мониторинг жүргіздік. Жалпы, баға шегі сақталады. Бірақ дәріханалардың көпшілігі дәрі-дәрмектерді «INKAR» ЖШС филиалынан, яғни тұрақтандыру қорынан сатып алмайтындарын атап өтті. Өйткені басқа жеткізушілерге қарағанда мұндағы баға әлдеқайда жоғары, ал жеткізу мерзімі ұзағырақ екен. Сонда тұрақтандыру қорының артықшылығы неде? - деп атап өтті қалалық мәслихат депутаты Гүлзейнеп ДҮСІПОВА. - Бірқатар дәріханада ковидке қарсы препараттар жоқ, бағасы мен тізімі көрсетілген ақпараттық тақта ілінбеген. Осы мәселелердің барлығын фармацевтикалық бақылау департаментіне, «INKAR» ЖШС филиалына жолдадық, бірақ тиісті жауап ала алмадық.

«Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Амантай АЙТБАЕВ «INKAR» ЖШС филиалымен жасалған келісімшарт мерзімі биылғы 1 шілдеде аяқталатынын айтты. Қазір серіктестік 200 миллион теңгені қайтарған.

- Қазір біз келісімшартты ұзарту туралы ойланып жүрміз. Мәселе әзірге ашық күйде қалып отыр. Қалған 300 миллион теңге қарызын өтеу үшін ЖШС тұрақтандыру қорындағы дәрі-дәрмекті сатады. Сондықтан оларда дәрі-дәрмектің кейбір түрі жоқ. Қор ерекше жағдай үшін құрылды, оны ковидке қарсы дәрі-дәрмек болмаған кезде пайдаланар еді. Бірақ ондай жағдай болған жоқ. Ауруханаларда дәрі-дәрмек қажетті мөлшерде жеткілікті, - деді А.Айтбаев.

Қалалық мәслихат депутаттары мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері «INKAR» ЖШС филиалымен келісімшарт жасаған кезде ковидке қарсы препараттарға шекті бағаның белгіленбеуі дұрыс емес деп санайды. Сондай-ақ, олар ӘКК бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына мониторинг жүргізбейтінімен келіспейді.

Талқылау нәтижесі бойынша «INKAR» ЖШС филиалы басшылығына айтылған ескертулерді ескеру, дәріханаларға – объектілерге ковидке қарсы препараттардың шекті бағалары мен олардың бар екені туралы ақпарат орналастыру ұсынылды.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

8 маусым 2021, 15:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.