10 жылға жуық уақыттан бері Ескене станциясының тұрғындары Атырауға көше алмай жүр. Қарабатан зауыты ашылғалы бері мұндағы экологиялық ахуал нашарлады, адамдар жиі ауыра бастады. Бірақ жалғыз проблема бұл емес. «AЖ» тілшілері осы жерге барып келді.
Жергілікті тұрғындармен вокзалда кездесуге келіскен едік. Оған барар жолдың екі жағында жұртта қалған терезесі жоқ бірнеше үй көрінді. Көңілді құлазытады екен.
Зейнеткер Едіге АБРЕШОВ:
- Осы жерде туып-өстім, өмір бойы станцияда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Бұл менің туған жерім. Бірақ қазір жағдайымыз қиын, біраз жасқа келдік, денсаулығымыз да керемет емес. Оның үстіне зауыттың сасық иісі терең тыныстауымызға мүмкіндік бермейді. Енді тағы бір зауыт салғалы жатыр, басқа да салынады дейді. Сонда немен тыныс аламыз? Мұның жалғыз жолы - қалаға көшу, біз бұл туралы көптен бері биліктен сұрап жүрміз, бірақ бізге ешкім құлақ аспайды.
Дағыстан ТӘЖІҒАРИЕВ:
- Станцияда мектеп, балабақша, медицина пункті жоқ. Балаларымыз Доссор ауылындағы интернатта оқиды, үйге демалыс күндері ғана барады. Бірақ қазір көпшілігі балаларын Атыраудағы мектепке беріп, пәтер жалдап, сонда тұрады. Басқа не істесін? Балалардың жанында болу керек қой. Тағы бір мәселе - табиғи газдың жоқтығы. Әлі күнге дейін пеш жағамыз, көмірді теміржолшыларға пойызбен жеткізеді, бірақ ол бізге жетпейді. Ең бастысы – зауыттан келетін иіс. Кеш түссе, көшеге шыға алмаймыз. Мұндай жағдайда мал ұстау да мүмкін емес.
Тұрғындардың айтуынша, станцияда 50-ден астам үй болған, онда 300-ге жуық адам тұрған, олардың жартысы - балалар. Бірақ жастардың бәрі Атырауға кетті, балалар да сонда оқиды. Қазір Ескенде тек 25 үй ғана тұрады.
Нұржамал ХАСАНОВА:
– Қаншама жиналыс болды, бізді көшіріңдер деп қаншама өтіндік, бірақ еш өзгеріс жоқ. Бізге Мақатқа көшіңдер дейді, өйткені біз әкімшілік тұрғыда Мақат ауданына қараймыз. Бірақ шешімі бұл емес. Баламыздың бәрі қалада, сол жақта оқиды, жұмыс істейді. Ал ауылдық жерде жұмыс жоқ. Зауыт өкілдері ешқандай зиян жоқ дейді. Қалайша жоқ? Бізден бар болғаны 5 шақырым жерде тұр. Қанша дегенмен газ өңдейтін зауыт қой.
Станция тұрғындары еріккеннен көшу туралы өтініш айтып жүрген жоқ. 9 жыл бұрын қалаға болашағы жоқ Байшонас пен Ескене ауылдарының тұрғындары көшірілді. Бірақ аттас станция сол күйі қалды.
Былтыр жыл аяғында тұрғындармен кездесу кезінде Мақат ауданының әкімі Шәкір КЕЙКИН Ескене станциясы тұрғындарының құжаты облыс басшылығына берілгенін хабарлады. Көшіруді қаржыландыру жөнінде NCOC компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Ескенеліктерге күтуден басқа амал жоқ. Қашанға дейін екені белгісіз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ