Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы азамат А.-ның «Қазпошта» АҚ-ның Атырау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы филиалдарына қарсы құны 100 мың теңге тұратын телефон түріндегі сәлемдеменің жоғалуына байланысты шығынды өтеу туралы талап арызы бойынша істі қарады. Өткен жылы талапкер елордаға Атырау пошталық бөлімшесі арқылы ұялы телефон жібергені анықталды. Алайда адресат оны алмаған. Қызметтік тексеру нәтижесінде Нұр-Сұлтандағы пошта қызметкерлерінің кінәсінен жоғалғаны белгілі болды. Талапкердің талабы қанағаттандырылып, сот пошташылардан оның пайдасына келтірілген залалды өндіріп берді.
* * * * *
Жылыой аудандық соты ҚР ҚК 106-бабының 1-тармағы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша айыпталған Қосшағыл ауылының 28 жастағы тұрғынына үкім шығарды. Оқиға желісі былай болған. Азық-түлік дүкенінің 31 жастағы қожайыны (әрі сатушысы) сағат 23-те дүкенін жауып, үйіне қарай бет алғанда көршісі оған қоңырау шалып, ішімдік сатып алуға келе жатқанын айтады. Сатушы бас тартқан соң, көршісі қатты балағаттап, өз дегенін талап ете бастады. Ашуланған екеуі үйлерінің жанында кездеспек болады. Жанжал сол жерде жалғасады. Дүкен иесі орынсыз қорлыққа ренжіп, көршісінің бетінен ұрып жібереді. Ал ол пышағын шығарып алып, оның сол жақ кеудесіне сұғып алады. Жедел жәрдем жәбірленушіні жансақтау бөліміне жеткізіп, бағына қарай, дәрігерлердің арқасында аман қалды. Көршісіне үш жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Атырау облысы ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл Жылыой ауданындағы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген бесінші оқиға: адамдар ішімдікті үйде, не жұмысшылар жатақханасында, не құрылыс алаңында бірге ішіп, оқиғаның соңы нашар аяқталған.
*****
Қызылқоға аудандық соты ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-тармағы («Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау») бойынша азамат Т-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Сотта анықталғандай, Т. Сағыз ауылында көшеде мас күйде жүрген. Ал оны ұстау үшін полиция келгенде ол қарсылық көрсеткен. Т. өзінің кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сот оған 40 838 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА