Атырау, 25 сәуір 06:53
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Сағы сынбаған Берекет: бес жыл өткен соң

Сурет Бейнежазба
3 928 просмотра

2010 жылы ауыр жарақат алып, арбаға таңылған, бірақ өмірге құштарлығын жоғалтпаған құлсарылық Берекет АҚЖІГІТОВПЕН осыдан бес жыл бұрын сұхбаттасқан едім. Жақында тағы бір кездесудің сәті түсті.

...Менің алдымда толысқан, тұлғалы, сөзін байыппен жеткізетін 37 жасар жігіт отырды. Жадырай, жарқылдап қарсы алды. Жинақы үйдің қабырғасында кестеден тоқылған бірнеше суреттің полотносы көз тартып тұр. Мұның бәрі оның қолынан шыққан. Оның тағы бір кәсібі – ас дайындау. Берекеттің әжесі Талшын кезінде белгілі кулинар болған. Ол туралы кезінде орталықтағы баспасөзде жазылған еді. Немересінің аспаздыққа бейімділігі әжесінен дарыса керек-ті, оның дайындаған тағамдарының дәмі түл үйіреді.

- Іні-келінім Атырау қаласында тұрады. Біз үйде әке-шешем үшеуміз ғана. Сол себептен әке-шешеме салмақ түсірмеудің жағын ойлаймын, қолымнан келгенше жәрдем етемін, - дейді Берекет.

- 11 жыл бұрынғы оқиға қалай болған еді?

- Ол күн қалай жадымнан өшсін, оқиға 2010 жылдың 1-ші мамырында болған еді. Ақтау қаласындағы «АсТрасТар» ЖШС-не бұрғышының көмекшісі болып інім екеуміз жұмысқа қабылдандық. Білмеймін, қалай болғанын, тұрба түсіп кетіп, содан ауыр жарақат алдым. Техникалық қауіпсіздікті сақтамаған болармын - оны бізге ешкім үйреткен де жоқ. Сол бойда есімнен танып қалдым, ес жиып, көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Дәрігерлер омыртқам сынған деді. Жұлынға зақым келіп, денемнің төменгі бөлігі жансыз қалды. Қытайда ота жасаттым. Бейжіңдегі оңалту орталығында дамылсыз жаттығулардың арқасында арбаға отыру мүмкіндігіне ие болдым. Қанша туғандарым айналамда шыр-пыр болып жүрсе де, өзімді біртүрлі жалғыз сезініп, арбаға мойынұсынып беріліп кеткенімді кейін түсіндім. Достарым шақырса да бармай, қашқақтап, үйден шықпаудың амалын жасайтынмын.

- Бірақ қазір сен бұрынғыдай емес, өмірге құштарлығың сезіліп тұр. Саған не көмектесті?

- Адам өз күш-жігерін шыңдап, келешекке деген түңілуден арылып, бұл қиындықтан шығудың жолын өзі қарастырмаса болмайтынын түсіндім. Оған да біраз жыл кетіп қалды. Қазір өмірге деген көзқарасым мүлдем өзгеріп, өзімді толыққанды қолға алып, алдыма мақсат қоя бастадым. Мен тірімін, дүниенің әсемдігін көретін көзім бар, екі қолым жұмыс жасап тұр, екі аяғымның орнында далаға шығуға, адамдармен араласу үшін қол арбам бар. Осының өзі аз емес.

- Спортқа ден қойды деп естіп жатырмын.

- Қытайға барып келгеннен кейін әртүрлі бейнені тоқуды ермек қылып жүр едім. Енді тенниске қызығушылым артты, кәдімгідей ләззат аламын, тіпті жарысқа да қатыстым. Астанада турнирде ойнадым, кейін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі дүниежүзілік жарысқа да барып, үшінші орынға ие болдым. Ат спортына да қатысып жүрмін.

Айтайын дегенім, осының бәрі маған күш-қуат береді. Әрине, мені жақсы көретін әке-шешемнің жанымда болғаны да маған үлкен демеу. Мен налысам, онда олар қандай күй кешер еді? Айналамда достарым, құрдастарым Жеңісбек, Ерлан, Сұлтан қаумалап келіп тұрады. Жиі араласып тұрамыз, көмеккке шақырсам, дереу жанымнан табылады.

- Кесте тоқу өнерің туралы айтып берші?

- Кесте тоқуды тастағам жоқ, ол менің басты хоббиым. Кестенің бұл түрі бізде дамымаған. Мата бар, ал жібі таптырмайды. Мен оны Қытайға оңалту орталығына барған сайын толтырып алып келем. Кесте тоқуға уақыт пен шыдамдылық керек. Мына қолымдағы кестені  тоқығаныма төрт ай уақыт кетті. Мүмкін бір жылда дайын болатын шығар, анық білмеймін. Өздігіммен саудалаған емеспін, көбіне туындымды әшейін ғана сыйға беріп жіберемін. Бірде Серік Қамидолла жұмыстарымды астанаға көрмеге алып кетіп, сонда төрт картинаға сатушы табылыпты.

- Берекет, басты арманың не?

- Мен түсімде өз аяғыммен жүріп жүремін. Үнемі солай. Сондықтан үмітімді үзген емеспін. Жүріп кетіп, әкем мен анашымды қуантсам деймін. Басты арманым аяққа тұру. Сосын «бұл Берекеттің жасағаны» дейтіндей артыма іс қалдыру. Ол үшін тігін цехын ашсам деймін, кең көлемде. Құлсарыда мүгедектердің бірлескен тігін цехы жұмыс жасаған. Бірақ сол тоқтап қалды, соны жандандырғым келеді. Өзім үйретсем, мүмкіндігі шектеулі жандар қосымша қаржы тауып, әрі күн ұзаққа үйде отырудан арылар еді. Мен соны жасаймын, нақты жоспарым да бар.

Сұхбаттасушым әңгіме соңында пандус туралы мәселені қозғады. Құлсарыда кейбір мекемелерге, болмаса дүкендерге кірудің өзі ақирет екен.

- Пандус мәселесі бізде қиын, соны қозғап жазыңызшы. 

- Дос жігіттерің бар екен, дос қыздарың ше?

- Жоқ деп айта алмаймын, бар. Бірақ көңіл білдірген адамым жоқ әзірге. Өзіме серік болар жан табылар деп жүрмін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

8 маусым 2021, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.